«АСП керегі жоқ»: Түркістан облысында Үкіметтің ақшасынан бас тартқан 11 баланың анасына жомарт азамат 1 га жерді тегін берді

Әйел адам осы орайда екі жылдан бері малы ұрланатынын атап өтті, деп хабарлайды Caravan.kz медиа-порталы.

Көп балалы ана әкімге малының ұрланғанын әрі ұрылар әлі табылмағанын айтып, шағымданды.

«Ассалаумағалейкум, мен Біртөбе мекенінде, 11 баламен тұрып жатқан әйелмін. Үш жылдан бері мал жоғалады, бірақ ештеңе табылмайды. Былтыр көктемде екі атым жоғалды, бір жыл жүгіріп жүрмін, әлі табылған жоқ. Білмеймін, менікі аспанға ұшып кете ме? Басқалардыкын тауып жатыр, менікі табылмайды. 11 бала-шағаммен ұрыларды таба алмай келе жатырмын, не істейін? Полицияға ақша, пара берейін бе? Менің малымды тауып бер деп. Соны шешіп берсеңіз, біріншіден. Сосын маған әкімшіліктен 2 га жер берсе. Жер шаруашылығыммен айналысамын, 10 қызым, 1 балам бар. Сол қыздармен жер берілсе, өзім-ақ балаларды бағып кетермін. АСП, басқасы да керек жоқ, жер берсе», - деді көп балалы ана.

Әкім өз кезегінде: «Бір қол шапалақ ұрып қояйық апамызға. АСП керек емес деп отыр, батыр анамыз. Мал ұрлығы туралы полиция не дейсіз?» деп, жергілікті полицейге сұрақ қойды.

Осы ретте полицейдің «Бұл кісінікі бұрын да қаралған, осы жолы да қаралды. Жақында ғана бір топ ұсталынды, бұл кісілерді де шақырғанбыз. Жұмыс атқарылып жатыр» деген жауап әкімге ұнамады. Ол көп балалы ананың мәселесін тез арада шешуді талап етті.


«Екі мал аламын, екі мал ұрланады, не мәселе бұл? Шешіп беріңіз, ұрлағандарды тауып беріңіз. Мен бастықтарыңызға да айтқанмын, кейбір аудандарда полицияның жұмысы өте нашар, бір қалыпқа келетін заман болды ғой? Мал деген тұрғындардың жалғыз табысы ғой?» деді әкім.

Осы оқиғаның куәсі болған жергілікті жомарт тұрғын, көп балалы анаға 1 га жер беріп, көпті қуантты. Ол «1 гектар жерді мен берейін» деп атап өтті.

Әкім, өз кезегінде: «Осындай жомарт азаматтарымыз көбейе берсін», жомарт жанға алғыс айтты.