Бұл туралы Астана әкімінің орынбасары Қанат Сұлтанбеков мәлім етті.
«Бүгінгі күнге дейін біз бірқатар жобаларды жүзеге асырдық. Соның ішінде Леон қаласы маңындағы зауытта шығарылатын Iveco автобустарын сатып алдық. Автобустардың бастапқы партиясы қараша айының басында жеткізілуі тиіс», - деді ол жұма күні қазақ-француз үкімет аралық комиссиясының отырысында.
Оның айтуынша, Қазақстан Iveco компаниясының зауытын салуға ерекше қызығушылық танытып отыр.
«Жақын уақытта Қазақстан аумағында Iveco компаниясының зауыты бойы көтерсе дұрыс болар еді. Бұл жобаның біз үшін маңызы зор. Өйткені, 2017 жылға дейін бізде жылына кем дегенде 700 данадан астам қалалық автобус қажет», - деді Қ.Сұлтанбеков.
Қарашаның онына дейін елордада тұңғыш көп қабатты тұрақ салуға конкурс жарияланбақ. Француз компанияларын осы конкурсқа қатысуға шақырамын, деді Астана әкімінің орынбасары.
«Келер жылдың наурызында біз концессиялық жобалар, емханалар мен білім нысандары бойынша жаңа конкурстар жариялаймыз. Біз сіздермен осы жобалар шеңберінде де қоян-қолтық жұмыс істеуге дайынбыз», - деп қорытты ол.