Астана әкімдігі ескі үйлерді жаппай қиратып жатыр

Мына астаналық азаматтар баспананың кілтін алуға ертерек келіп алған. Жаңа пәтерге көшеміз дегенге әлі сенбей жүр. Бірақ армандар орындалады. Енді ескі лашықта күнелтіп келген шаңырақтар дәл осы көпқабатты үйде тұратын болады.

Қараша айының соңына дейін қаладағы тозығы жеткен 11 үй сүріліп, 200 жуық астаналық тұрғын жаңа баспанамен қамтылуы тиіс. Мәселен, бүгін Тілендиев көшесінің бойындағы дәл осы көпқабатты тұрғын үйге 85 отбасы жайғасты. Ал, келесі аптада Есілдің сол жағалауындағы Сарайшық көшесінде салынған баспаналарда жүзден астам жанұя қоныс тойын тойлайды.

22 жыл қуықтай ескі бөлмеде тұрып келген Жұмабике апайдың да қуанышында шек жоқ. Кең үйде «емін-еркін қонақ күтсем» деген тілегінің орындалғанына мәз.

- Бізді қонаққа шақырып, міне дастархан жайып қойыпсыз. Үй басқармасы билігін өзіңізге алып, мына үйді осы қалыпта сақтап қалуға атсалысып, әкімшілікке көмектесіңіз... 

Жоспар бойынша Жұмабике сынды 3 жарым мыңнан астам астаналық дәл осындай кең әрі жайлы пәтерге жайғасуы тиіс.


Бекбол Сағындықов, Алматы ауданының әкімі:

-  Біздің аудандағы апатты үйлердің аумағы 10 гектарға жақындайды. Ол жерлерде көпқабатты үйлер салынады.

Бүгін жаңа баспаналы болған отбасылар бұрын осы үйлерде тұрып келген. Қараудың өзі қорқынышты. Жалпы Елордада құлағалы тұрған 228 үй бар екен. Олардың бірі де қайта қалпына келтіруге жарамайды. Ал жарты ғасыр бұрын кірпіші қаланған бұл баспаналардың бірнешеуі бүгін көптің көзінше қиратылды.

Осындай әдіспенАстанада алдағы3 жылда 500 үй сүрілмек.