Астана әкімдігіне аяқталмаған құрылыс нысандарынан пәтер сатып алуға 41 млрд теңге бөлінеді

Баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, отырысқа қатысушылар Астана және Алматы қалаларында тұрғын үй құрылысының қарқынына қолдау көрсету және ынталандыру, сондай-ақ жалға беретін тұрғын үй рыногын дамыту, құрылысқа қатысушы үлескерлер құқығын қорғау үшін тұрғын үйді сату мәселесін қарастырды.

"Мемлекеттік комиссия мүшелері аяқталмаған тұрғын үй құрылыс объектілерінен шаршы метрінің құны 114 000 теңгеден артық емес 6000 (алты мың) пәтер сатып алу үшін ҚР үкіметінің резервінен Астана әкімдігіне 41 млрд. теңге бөлу туралы шешім шығарды", - деп атап көрсетілген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Осы ретте, Астана қаласының әкімдігі әрбір нысан бойынша шаршы метр құнын белгілеу және оларды таңдап алудың өлшемдерін көрсете отырып тұрғын үй сатып алу тәртібін анықтаулары қажет.

Тұрғын үйді таңдау және сатып алу құрамында жергілікті өкілетті орган (мәслихат) депутаттары, "Нұр Отан" ХДП депутаттары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар комиссияның қатысуымен жүзеге асырылады. "Сатып алынған тұрғын үйдің біразы жалға беріледі және мемлекет меншігінде болады, ал біразы қызмет бабында пайдалану үшін мемлекеттік қызметшілерге бөлінетін болады", - деп баяндалған баспасөз қызметінің хабарламасында.