«Сіздерден сұрайтыным, мұның бәрі қаланың сәулеттік келбетіне сәйкес болсын. Бұл арада біреуі бір стильді, екіншісі басқа стильді таңдаудың қажеті жоқ. Сондықтан біз әрбір нұсқаны қараймыз, әрине ескерту жасаймыз, сіздер оны дұрыс түсініңіздер», - деді Астана қаласының әкімі.
Астана өзін-өзі қамтамасыз ете алатын ірі экономикалық аймаққа айналып келеді. Ал, экономиканың дамығаны қала құрылысына оң әсер етеді. Оны қалаға көрік қосқан зәулім ғимараттардың сәулетінен саралап, көкпен таласқан тұрғын үйлерге қарап-ақ бағамдай беруге болады. Қазір мектеп пен балабақша, медициналық мекемелердің құрылысын айтпағанда бойына қан жүгірген ЭКСПО көрмесінің құрылысы қала басшылығының жіті қадағалауында. Елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов 2017 жылға дейін құрылысы аяқталуы тиіс бірқатар нысандарды аралап көрді.
Елорданың даму мәселелері мен қаланың бас жоспарын дамыту жөнінде тапсырма берген Астана әкімі атқарар нақты міндеттерге тоқталып, мердігерлердің де тілектерін тыңдады. Сондай-ақ, ол көлік және инженерлік инфрақұрылым мәселесінің түгелдей шешіліп, ендігі жүк құрылыс компанияларына артылғанын ескертті. Кездесу нәтижесінде қала басшылығы мен мердігерлер уақытты оздырмай, қала көркін тоздырмай, дәулеті жарасқан қалада сәулетті ғимараттар пайда болады деп уағдаласты.