Астана әкімі Тұрсынбек Қабатовқа қызмет ұсынды

Жаңа сатира және әзіл театры "ЭКСПО" көрмесінің аумағында ашылады. Бұл туралы бүгін қала әкімі Әсет Исекешев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Тағы бір маңызды жаңалық – "ЭКСПО" көрмесіндегі Энергия холл ғимаратында жаңа сатира және әзіл театрының ашылуы болмақ. Театрдың көркемдік жетекшісі Тұрсынбек Қабатов болады", — деді әкім ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар, Исекешев Елбасының тапсырмасымен "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында Қазақ драма театрының жаңа ғимараты бой көтеретінін мәлімдеді. 

"Қазіргі уақытта мәдениет және спорт министрлігімен бірге осы бағытта жұмыстар жүргізілуде. Бұдан бөлек, қасиетті орындарды сақтау мақсатында тарихи және мәдени нысандарға реставрация жұмыстары жүргізілді. Олар "Мәңгілік ел" аркасы, "Бәйтерек" монументі, Орыс академиялық драма театрының ғимараты, "Атамекен" Қазақстан картасы" этномемориалды кешені. Өткен жылы бұл нысандарды аралаған қонақтар саны 600 мыңнан асты", — деді қала басшысы.