Астана әкімі жаңа жұмыс уақытына көшу себебін түсіндірді

«Балаларды мектепке 15 минут бұрын жеткізу үшін біз айқай-шуға басып, оны қандай да бір проблемаға жеткізіп жатамыз. Бүгінде көптеген ата-аналар өздерінің балаларын курстарға немесе спорттық үйірмелерге таңғы 6-7-ден бастап апаратынын білеміз. Бұл өз кезегінде бәрінен бұрын өздеріңізге көмектеседі және балалар ерте тұруға дағдыланады. Сонымен қатар балаға да пайдалы, ерте тұрып, ерте ұйқыға жатады. Ал біз болсақ осы шараларды теріс қабылдап, оны қисынсыз іске балап жатамыз»,-деп тоқталды әкім.

Оның сөзіне қарағанда, сауда орталықтарының жұмысын сәл кештеу бастауға болады. «Сауда орталықтарының жұмысын сағат 9-да бастау міндетті ме? Адамдардың сағат 9-дан бастап дүкенге баруы екіталай, яғни, сәл кештеу - 10-11 кезінде бара бастайды»,-дейді Ә. Жақсыбеков.

Сонымен қатар ол қала тұрғындарын көліктік жүйені реформалау бойынша шараларды қолдауға шақырды. Бұл тұрғыда кейбір көшелерде біржақты қозғалысты енгізу көзделуде.

«Бүгін көлік кептелісін төмендету мақсатында, сондай-ақ әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, қалада дифференцияланған жұмыс уақытын енгізу жоспары әзірленді. Қала әкімдігінің барлық құрылымдары жаңа кестеге көшті, қазіргі кезде орталық мемлекеттік органдармен, ұлттық компаниялармен және жеке меншікті ұйымдармен, ЖОО-лармен, мектептермен жұмыстар жүргізілуде. Аталған жоспарды жүзеге асыру жүктемені 20 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді», - деп тоқталды әкім.

Оның сөзінше, жаңашылдықтар бойынша шешім қабылдау тұрғындардың өміріне әсер етеді және бұл қадамдар сарапшылар мен қоғамның пікірлерін ескере отырып іске асырылады.


«Осы шаралардың барлығы қоғаммен келісіледі. Жалпы, қабылданған шаралар биылдан қозғалыс кестесін ретке келтіріп, бағдарлар жүйесін жақсартуға, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Осы орайда тұрғындарды осы бағытта бізге қолдау білдіруге шақырамын»,-деп түйді Ә. Жақсыбеков.