Астана әкімінің есебін тыңдауға келген жұрт Тасмағамбетовтен тегін пәтер сұрады

Астана әкіміне тікелей сауалын қоюға келгендердің қарасы көп. Тіпті 3 мың орындық Конгресс Холлға сыймай қалды. Иманғали Тасмағамбетов 1 сағаттай елорданың жетістігін тізіп болған соң, жапа-тармағай сұрақ қою басталды. Бірі өтініштерін қағазға тізді, екіншілері микрофонға таласты. Халықтың біразы шаһардың дамуына қатысты мәселені емес, жеке басының қамымен келген екен. Жарыса әкімнен тегін пәтер сұрады.

–Жеті баламен өзіңіз де түсінетін шығарсыз бір бөлмеде тұру деген.

-  Жетіммін. Пәтер кезегіне тұруға көмектесіңізші.

Тасмағамбетов біразының бетін қайтарды. Бас шаһарда пәтер кезегін кезегінде тұрған 175 мың адамның ішінен бүгін тек мына қарияның жолы болды.

-4 жыл болды маған үй бермей тұр. Атыңда үй 5 жыл болуы керек дейді.

Маған мына соғыс ардагері, үй беруге көмектессеңіз.

Иманғали Тасмағамбетов, Астана қаласының әкімі:

Мен сізге уәдемді берем, осы бір айдың ішінде пәтеріңізді аласыз.

Осыдан соң көмек сұрағандардың саны үдей түсті. Кейбірінің шабытқа ерік бергені соншалық, базынасын өлеңмен жеткізгендер де табылды.

- Астана гүлдей берсін келген халқым,

Алтыннан қымбаттаған бізге нарқың

Көмектес бітіруге медресені

Құрметті әкім Иманғали Нұрғалиұлы!

Бірақ әкім сыр алдырған жоқ. Тіпті сөз тимей ашуланған тұрғындарды сабасына түсіруге мәжбүр болды.


Иманғали Тасмағамбетов, Астана қаласының әкімі:

–Тұра тұрыңыз! Жағадан алмаңыз. Жеті баланың тапқаныңыз жақсы. Бірақ өзіңіздің балаңыз. Жауапкершілік алдымен өзіңізде, сосын ғана мемлекетте!

Жұрт жеке шаруасын айтып у-шу болып жатқанда, кейбір тұрғындар қалың ұйқыға кеткен. Қарақан басына көмек сұраудан ештеңе өнбесін білді ме, кейін дәрігерлердің жауапсыздығы, жолақы, азық-түлік бағасы, тіпті теңгенің құнсыздануына қатысты сын айта бастады. Әкім абдырап қалған жоқ. Нақты жауап қайтарып қуанышты жаңалығымен де бөлісті. Астанада 1сәуірден бастап балаға берілетін жәрдемақы, 10 емес, бірден 16 пайызға көбеймек. Үш сағатқа созылған кездесуде Тасмағамбетовты үйіне қонаққа шақырып, әлеуметтік желілерге тіркелуін өтінгендер де табылды. Алайда әкім оған уақытының жоқтығын сыпайылап қана түсіндірді.

-Иманғали Тасмағамбетов Астана бірнеше жылда әлемдегі «ақылды қалалардың» қатарына енеді деп сендірді. Жаңа саябақ, екі бірдей сапаржай, темір жол вокзалы салынады. Мектеп, балабақша тапшылығы да болмайды. Әкімнің сөзіне сенсек, 800 мың тұрғыны бар бас шаһар ЭКСПО көрмесіне дейін адам танымастай өзгереді.