«Астана арландары» айқаспақ

 

Ертең Алматы шаршы алаңында «Астана арландары»  топтық раунд аясындағы кезекті матчын өткізеді. Өткен аптада кубалық қара маржандарға жол берген жерлестеріміз бұл жолы Польшаның гусарларын қабылдайды. Плей-офф  мәселесін мерзімінен бұрын шешіп алған «Астана Арландары »,  ертеңгі кездесуге  төрт бірдей дебютант  қоспақ. 

Оның үшеуі  қазақ боксының бетке ұстар майталмандары. 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде  Әлем чемпионатының қола жүлдегері  Берік Әбдірахмановқа Польша клубының белді боксшысы  Давид Павел Михелус қарсы тұрады.  Ал  69 келіде  шаршы алаңға әлем чемпионы Данияр Елеусінов көтеріледі. Ұлттық құраманың лидері   «Арландар» сапындағы алғашқы жекпе-жегін Жора Симонянға қарсы өткізеді. Лондон олимпиадасының жүлдегері Әділбек Ниязымбетов, поляк гусарларының 81 келідегі үздігі Казюж Зысиньскийді сынаққа алады. Қалған екі салмақтағы жұпта «Астана арландары» атынан Ілияс Сүлейменов пен украйналық  легионер Армен Симонян шығады.

 

Футболдан Еуропа Лигасының ширек финалына шыққан 16 команда белгілі. “КТК” арнасы солардың ішінен ең қызықты кездесулерді сіздердің назарларыңызға ұсынған. Солардың бірі Лондондағы бәсеке. Жергілікті “Тоттенхэм” украинаның “Днепрын” қабылдаған болатын.

Алғашқы матчта 1:0 есебімен жеңіске жеткен украиналықтарға тең есепте жеткілікті болған. Ал алаң иелеріне қалай да жеңіске жету жүктелген. Бірінші таймда есеп ашылған жоқ. Үзілістен кейін күтпеген жерден қонақтар алға шықты. Айып добына бірінші жеткен Роман Зозуля. Осыдан кейін жинақы ойнаған “Тоттенхэм” футболшылары жауапты ұзақ күттірмеді. 56-шы минутта айып добын шебер орындаған Кристиан Эриксен таразы басын теңестірді. Ал 62-ші минутта франциялық төреші Антони Готье алғашқы голдың авторы Зозуляны алаңнан қуды. Бұл сәтте қорғаушы Ян Вертонгеннің де “әртістігін” айта кеткен жөн. 10 ойыншымен қалған “Днепр” лондондықтарға қауқар көрсете алмады. Қонақтар қорғанысын кескестеген Эммануэль Адебайор қалған уақытта дубль авторы атанды.