«Астана арландары» Baku Fires командасын 5:0 есебімен ұтты

Бүкіләлемдік бокс сериясының Азия конференциясындағы басты қарсыласпен болған кездесуді ашқан Миржан Рахымжанов Baku Fires клубындағы моңғол легионері Тугстгот Ниямбаярды айқын басымдықпен ұтты. Келесі кезекте шаршы алаңға көтерілген Ержан Мүсәпіров те Коба Пхакадзеден басым түсті. Осыдан кейін бокс жанкүйерлері асыға күткен Қанат Ислам шаршы алаңға көтеріліп, қарсыласы өзбекстандық Батыржон Махмудовпен қолғап түйістірді. Алғашқы раундта-ақ басымдық танытқан Қ.Ислам қарсыласын нокдаунға жіберді. Дәл осы жағдай үшінші раундта тағы бір мәрте қайталанды. Ал төртінші раундта үшінші рет Қанаттың ауыр соққысын алған Б.Махмудовтың мүшкіл халін байқаған төреші жекпе-жекті тоқтатып, тенхикалық нокаутпен жеңісті қазақ боксшысына берді. Сондай-ақ 85 келіде өнер көрсеткен «Астана арландары» клубының легионері Рамжон Махмудов, аса ауыр салмақтағы былғары қолғап шебері Руслан Мырсатаев та қарсыластарынан басым түсті.

Сонымен Азия конференциясының командалық есебінде ұпай саны бойынша «Астана арландары» әзірбайжандық командамен теңесті, екеуінде де 28 жеңістен бар. Ал жеке жекпе-жектер бойынша қазақ былғары қолғап шеберлерінде 41, бакуліктерде 36 жеңіс. Енді «Астана арландары» корейлік, Baku Fires командасы қытайлық боксшылармен қолғап түйістіреді