«Астана арландары» боксшыларына әрбір жеңіс үшін 5 мың АҚШ доллары белгіленді

Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында Қазақстанның бокс федерациясына қарасты «Астана арландары» клубының бас директоры Болат Манкенов мәлім етті.

Оның хабарлауынша, WSB - Бүкіләлемдік бокс сериясы бойынша өнер көрсетіп жүрген біздің спортшылар айына 1-2,5 мың доллар көлеміндегі жалақы алады. WSB федерациясы әрбір чемпионатта жеңіс тұғырынан көрінген клубқа 500 мың доллар, ал жеңілген командаға 150 мың доллар мөлшерінде сыйақы тағайындайды.

Естеріңізге сала кетейік, бүгінде WSB - Бүкіләлемдік бокс сериясының «А» тобында өнер көрсетіп жатқан «Астана арландары» командасы екінші орында келеді. Алдағы уақытта осы топтың көшбасшысы анықталып, ол «Б» тобындағы үздік командамен финалда кездесетін болады. Ертең, біздің боксшылар Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде алтыншы кездесуін "Los Angeles Matadors" командасымен өткізетін болады. Финалға дейін әлі төрт жарыс бар.