«Астана арландары» есе қайтаруды көздейді

Осыған орай, бүгін елордада өткен арнайы баспасөз мәслихатында команда бапкерлері өз шәкірттерін таныстырды. Іс-шара аясында боксшыларды таразылау рәсімі өтті.

Бұл жолғы кездесуге АҚШ-тың "Los Angeles Matadors" клубы 4 бірдей легионерді алып келіп отыр. Бесінші боксшы - жасөспірім Джоет Гонсалес қана Калифорнияның азаматы. Алғашқы кездесуде ол арландық Данияр Тоқбаевпен шаршы алаңға шығады. Осыдан кейін, 61 салмақтағы Мерей Ақшалов Украинаның екі дүркін чемпионы Леонид Мальковпен жұдырықтасатын болады. Команда капитаны Қанат Ислам болса, Грузияның үш дүркін чемпионы Заал Кватчатадземен кездеседі. Ауыр салмақ дәрежесінде біздің легионеріміз Рамзжон Ахмедов «Беларус хаммері» атанып кеткен Сергей Корнеевпен бақталастырса, 91 келіден жоғары аса ауыр салмақта Руслан Мырсатаев марокколық боксшы Мохаммед Арджауйді сынап көрмек.

«Астана арландары» командасының бас бапкері Бейбіт Есжанов атап көрсеткендей, бұл кездесуді реванш санауға болады. «Бұған дейінгі жарыста біз "Los Angeles Matadors" боксшыларынан жеңілген болатынбыз. Енді, осы жолы барымызды салып, есе қайтаруға тырысамыз», - дейді ол.

Айта кетейік, бүгінде "А" тобындағы командалар арасында 5 кездесуді де өз пайдасына шешіп, 15 ұпай жинаған "D&G Milano Thunder" командасы бірінші орында келе жатыр. Одан кейінгі орында 10 ұпаймен екі кездесуде жеңіп, үшеуінде жеңіліс тапқан "Astana Arlans" (Астана арландары) тұр. Олардан 1 ұпайы кем "Los Angeles Matadors" үшінші орынға табан тіреуде. Екі кездесуде ғана жеңіске жеткен "Dynamo Moscow" мен "Mumbai Fighters" командаларының қоржынында 7 ұпайдан бар. Топ соңындағы "Bangkok" әзірге бірде-бір кездесу өткізген жоқ.

Ал "В" тобында 4 кездесуді де өз пайдасына шешкен "Baku Fires" 12 ұпаймен көш бастауда. 1 жеңілісі бар "Leipzig Leopards" - 9 ұпай, 2 жеңілісі бар "Mexico City Guerreros" - 7 ұпай жинады. Сондай-ақ 3 кездесудің біреуінде ғана жеңген "Paris United" - 4 ұпай, "Wuxi Dragons -3, ал 4 кездесуде де жеңіліс тапқан "Istanbul Bosphorus" 2 ұпайға ие.