«Астана арландары» мен «Мумбай жойғыштарының» қарымта кездесуі өтеді

Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында болатын бұл жекпе-жекке астаналықтардың бас бапкері Бейбіт Есжанов құрамадағы 3 қазақстандық және алжирлік 2 легионерге үміт артса, мумбайлықтардың бас бапкері Джо Клоу бұл жолы 4 бірдей легионер қосып отыр.

Онда Миржан Рахымжанов украиндық Иван Ильницкиймен (54 кг), Самат Башенов филиппиндік Чарли Суарезбен (61 кг), Рустам Сваев израильдік Снигур Константинмен (73 кг), Беншабла Абдельхафид үндістандық Кумар Рахулмен (85 кг), Боулдинатс Шуайб молдовалық Мунтин Михаилмен (+91 кг) күш сынасады.

«Астана арландары» сапына жаңадан қосылған Самат пен Рүстем үшін бұл алғашқы сынақ болғалы тұр. Бұған дейін 16 желтоқсанда сырт алаңдағы жекпе-жекте астаналықтар мумбайлықтарды 5:0 есебімен тас-талқан қылған еді. Қазір «А» тобында 22 ұпаймен мәскеуліктер бірінші, 19 ұпаймен миландықтар екінші, 19 ұпаймен астаналықтар үшінші, 14 ұпаймен мумбайлықтар төртінші, 10 ұпаймен лос-анжелестіктер бесінші орында келе жатыр.