Астана әуежайы 1-сәуірде іске қосылады

Әуежайдың күні бүгінге дейін жолаушыларға қызмет көрсетпеу себептерін ЖАҚ басшылығы "технологиялық циклдің осал тұстарын айқындау және қандайбір оқыс оқиғаға жол бермеу" қажеттігімен түсіндіреді.

Әуежайдың транзитті ұшақтарды қабылдауға дайындығы туралы KZ-today агенттігінің сұрағына жауап берген ЖАҚ басшылығының мәлімдеуінше, "төсенішті нығайту жұмыстарынан кейін әуежайдың ұшу-қону алаңы салмағына немесе санына қарамастан кез-келген әуе кемесін шектеусіз қабылдауға мүмкіндік береді". "Халықаралық Астана әуежайы дүниежүзінің кез-келген жолаушы немесе жүк тасымалдаушы әуекомпаниясының рейстерін қабылдауға және транзитті қызмет көрсетуге дайын екенін еш қорқынышсыз жариялай алады",- делінген құжатта.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, ҚР көлік және коммуникация министрлігінің шешімімен 2005-жылдың 1-қыркүйегінен бастап халықаралық әуе желілері Алматыдан Астанаға ауыстырылады.
Қазіргі уақытта Алматыға тікелей рейстер жасайтын әуе компанияларының арасында Lufthansa, KLM, Turkish Airlines, British Airways, China Southern Airlines, Iran Air, Pakistan International сынды ірі компаниялар бар.
Халықаралық әуе желілерін көшіруді іске асыру үшін "әуежайдың маркетингтік қызметі әуе айлағының техникалық жабдықталу және құрлықтағы геосаяси тиімді орналасу жағдайына негіздей отырып транзитті рейстерді Астана әуежайы арқылы өткізуге жұмыстар жүргізіп жатыр". ЖАҚ басшылығының ақпаратына сәйкес, қазір "FEDEX", "Aviastar", "LH Cargo", "DHL", "Sing Air Cargo" және басқа да әуе компанияларымен келіссөздер жүргізілуде. Әзірге Астана әуежайы бір ғана "Polar-Air-cargo" әуе компаниясының рейстеріне қызмет көрсетуде.
Халықаралық Астана әуежайының жаңа ғимаратын Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2005-жылғы 2-ақпанда салтанатты түрде ашқан.
Халықаралық Астана әуежайының жолуашылар терминалының ғимараты жолаушыларға арналған негізгі екі зал, үшінші қабаттағы VIP зал мен подвалдан тұрады. Жолаушылар терминалы телескоптық траптармен жабдықталған. Аэровокзал 1 мың жолаушыға дейін қызмет көрсете алады. Ал екі қабатты жүк терминалы қоймасының сыйымдылығы 600 тонна, жүктердің тәуліктік айналымы 300 тоннаны құрайды.