ҚР Үкіметінің тиісті Қаулысы бүгін ресми БАҚ-та жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы
2017 жылғы 20 маусым, № 380, Астана, Үкімет үйі
«Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру, сондай-ақ оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімін беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 5 наурыздағы № 281 қаулысына өзгеріс енгізу туралы
Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. «Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру, сондай-ақ оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімін беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 5 наурыздағы № 281 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., №11, 81-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру, сондай-ақ оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімін беру қағидаларында:
2-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«4) аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғылым, мәдениет қайраткерлерінің және Қазақстан Республикасы мен әлемдік қоғамдастық алдында еңбек сіңірген басқа да адамдардың есімдерін беру;».
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Б. Сағынтаев
***
Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы
2017 жылғы 20 маусым, №381, Астана, Үкімет үйі
Астана халықаралық әуежайын қайта атау туралы
«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 4-1) тармақшасына, «Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайларға, порттарға, темір жол вокзалдарына, темір жол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру, сондай-ақ оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау және өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, жеке адамдардың есімін беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 5 наурыздағы № 281 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Астана халықаралық әуежайы «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» болып қайта аталсын.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Б. Сағынтаев
***
Айта кететін жәйт, Астана халықаралық әуежайына Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру туралы бастаманы әуежай ұжымы көтерген болатын. Сондай-ақ еске салайық, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы декларациясында Елбасының есімін маңызды нысандарда көрсету ұсынылған. Декларацияда : «Ел Конституциясында Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың біздің мемлекетімізді құрудағы бірегей үлесін атап өтуді, Елбасының есімін елорданың атауында және еліміздің басқа да маңызды нысандарында көрсетуді ұсынамыз. Біздің тұтас мақсатымыз - Елбасы төңірегіне топтасып, ең қымбат қазынамыз - тәуелсіз Қазақстанды көзіміздің қарашығындай сақтап және ұрпақтарымызға аманаттап, «Мәңгілік Ел» құндылықтарын қастерлеу», - делінген еді.