Астана әуежайының жаңа терминалы жылына 7,5 миллион жолаушы қабылдайтын болады

 Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Астана халықаралық әуежайы» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Жауханов мәлім етті.

«Бүгінгі күні әуежайдың қолданысындағы терминал өзінің күшін толығымен сарқыды, жолаушыларды қабылдау ағыны үш миллион адамға жетеді. Ал ЭКСПО-ға байланысты салынатын жаңа жолаушылар терминалына келсек, оның аумағы 45 мың шаршы метрді құрайды. Ал жолаушылар өткізу қабілеті жылына 7,5 миллион адамға жетеді», - деді Қ.Жауханов.

Оның айтуына қарағанда, Ұлттық қордан халықаралық әуежай терминалын қайта жаңғырту жұмыстарына 29 миллиард теңге бөлінбек. Бұдан бөлек, қосымша қаржы акционерлер тарапынан құйылып, заемдық қаражаттар да тартылады.

Еске сала кетейік, «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» атты Жолдауында Елбасы Н. Назарбаев 2015 жылы Астана әуежайының жаңа терминал құрылысы мен жаңа ұшу-қону жолағын салу үшін Ұлттық қордан қаражат бөлу қажеттігін атаған болатын. Осының нәтижесінде әуежайдың жолаушы қабылдау қабілеті 2017 жылға қарай 7,5 миллион адамға дейін ұлғайтылады.

Астана әуежайы Қазақстанда жолаушыларға қызмет көрсету саны жағынан екінші орында тұр. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Астана халықаралық әуежайы» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Жауханов мәлім етті.

Басқарма төрағасының айтуынша, Астана халықаралық әуежайының жолаушылар ағыны  жыл сайын шамамен 11-12 пайызға артып келеді. Мәселен, егер 2010 жылы жолаушылар ағыны 1 млн. 600 мың адамға дейін жетсе, 2014 жылы бұл жүктеме 3 млн.-дық межені еңсерген. Осы ретте Қайрат Жауханов жолаушылар көлемінің артуына ең бірінші кезекте авиакомпаниялардың жаңа бағыттарды ашуы себеп болғанын айтады. Ұшу бағыттарының жиілігі де бұл көрсеткішке оң серпін беріп отыр. Төрағаның сөзіне қарағанда, қазіргі күні Астана әуежайында жолаушыларды қабылдау жайлылығы бағытында жұмыстар атқарылуда. Мәселен, терминалда жолаушыларды күту аймағы кеңейтілген, кезектердің өту тәртібін оңайлату үшін арнайы ленталар орнатылған.


«Бүгінгі таңда Астана халықаралық әуежайы Қазақстанда жолаушыларға қызмет көрсету саны бойынша екінші орын алады. Әуежай 16 авиакомпанияға қызмет көрсетеді. Аталмыш компаниялар ішкі 15 және 19 халықаралық бағыт бойынша рейстерді орындап жатыр», - дейді Қайрат Жауханов.