«Астана» баскетбол клубы ВТБ лигасы аясындағы алғашқы ойында жеңіске жетті

Кеше, жексенбі күні өткен матчта елордалық ойыншылар өзінің алаңында Литваның «Жалгирисін» қабылдап, 86:78 есебімен басым түсті.

Кездесудің алғашқы айналымында қонақтардың басымдылығы байқалды. Бірінші кезеңде «Жалгирис» 15:11 есебімен алға суырылып шықты. Екінші және үшінші кезеңдер қарсыластардың тең ойын дәрежесінде өтті. Жеңіске жету үшін «Астаналықтарға» кездесудің соңғы бөлігінде 4 ұпай көрсеткішімен алға шығу керек болды және қазақстандықтар ол межені асыра орындады. Есеп - 28:16. Осылайша елордалықтар ВТБ лигасы аясындағы алғашқы ойынды жеңіспен аяқтады. «Астана» келесі матчты 16 қазан күні Риганың «ВЭФ» командасына қарсы ойнайды.

«Астана» БК-ның бас жаттықтырушысы Маттео Боничиолидің айтуынша, бұл жеңіс жаңадан жасақталған қазақстандық ұжымға үлкен сенімділік береді.

«Біз ойынның соңғы кезеңінде жеңіске жеттік. Кездесуде бастан-аяқ, 40 минут бойы жоғары белсенділік танытуға мүмкіндік берген команданың физикалық даярлығы сыр берген жоқ. Бұл келесі жолы ригалық ВЭФ командасымен ойнайтын біздің ойыншыларымызға, сөз жоқ, үлкен сенімділік бермек», - деді ол матч соңындағы баспасөз мәслихатында.

Айта кетейік, ВТБ лигасына «Астана» баскетбол клубы келіп қосылды. ВТБ соңғы жылдары үлкен қарқынмен дамып келе жатқан лигалардың бірі, оның құрамына Ресейдің, сондай-ақ Литва, Эстония, Латвия, Польша және Финляндияның жетекші спорт ұжымдары өнер көрсетеді.