«Астана» баскетбол клубының жаңа бапкері Еуропаның үздік маманы болуы ықтимал

Алайда, бүгін елордада өткізген баспасөз мәслихаты кезінде клуб басшысы, КСРО-ның спортқа еңбегі сіңген шебері Валерий Тихоненко Бас жаттықтырушының атын атап, түсін түстемеуді жөн көрді.

Тек оның Еуропа құрлығының беделді, тәжірибесі мол бапкері болуы әбден мүмкін деген ишара танытты. «Әлі ештене анықталған жоқ. Біз бас демеушіге зор алғыс білдіреміз, жаңа клуб, жаңа шығындар, үлкен келісімшарттар жасалады. Сонымен қатар жаңа Бас бапкерді де іздестіріп жатырмыз, біз оның топ үздіктің қатарындағы, әлемдік деңгейде аты танымал, әлеуеті зор болғанын қалаймыз. Қайтқан күнде де біз бапкерлікке баскетболды ретке келтіре алатын, оған көмегі тиер адамды әкелуге тиіспіз. Тұспалдап айтайын - ол Еуропадан»,-деді В. Тихоненко.

Бүгінде «Астана Жолбарыстарының» бапкері болып табылатын Виталий Стребков жаңа клубтың жаттықтырушыларының бірі болып қала береді. Айта кетейік, «Самұрық-Қазына» ӘАҚ клубпен бас демеушілік туралы үш жылдық келісімшартқа отырды. Ол бойынша, клубқа бір жылға 5 млн. АҚШ доллары бөлінбек.

«Астана» БК-ның негізін еліміздің жетекші клубы «Astana Tigers» ойыншылары құрайтындығы жөнінде бұрын БАҚ хабарлаған болатын. «Егер біз Лигада жақсы ойын көрсеткіміз келсе, оның құрамын күшейту керектігіміз анық. Біз ВТБ-ға бірден болмаса да, жеңу үшін ендік»,-деп атап көрсетті клуб басшысы.

«Бас бапкер осында келісімен «Астана жолбарыстары» сапындағы ойыншылардың қайсысы іріктеу талаптарына сай келетіндіктерін әлі анықтай жатар. Сонымен қатар кем дегенде 5 шетелдік легионер тартылады. Регламент бойынша олар - 2 америкалық, 3 еуропалық болады»,-деді В. Тихоненко.

Оның атап өткеніндей, команда қатарына шетел клубтарында ойнап жүрген қазақстандықтар да алынуы мүмкін. «Соңғы сөз менде болады. Мен оларға қатысты өз мінездемемді кейін міндетті түрде жеткіземін»,-дейді ол.

Команданың алдағы міндеттеріне тоқталған Бас директор, «ВТБ соңғы жылдары үлкен қарқынмен дамып келе жатқан лигалардың бірі, оның құрамына Ресейдің үздік командаларының бірі енеді, сондай-ақ онда Литва, Эстония, Латвия, Польша және Финляндияның жетекші ұжымдары өнер көрсетеді. Дегенмен біз «ұруға арналған» команда бола алмаймыз, біз лайықты өнер көрсету, шама келгенше жеңіске жету үшін барлық жағдайды қамтамасыз етуіміз қажет»,-деді В. Тихоненко.

Клуб басшысы, баспасөз мәслихаты кезінде, сондай-ақ «Астана» БК Қазақстан ұлттық чемпионатына қатысатындығы немесе қатыспайтындығы жөніндегі екіұшты әңгімелердің басын ашып тастады. «Сыртқы лигаларда өнер көрсетіп жүріп, ел біріншілігіне қатыспау деген қисынсыз нәрсе. Клуб алдына ұлттық чемпионатта ең жоғары міндеттер қойылады, бұл жерде ешқандай сұрақ туындамауы тиіс»,-дейді Бас директор.

Ресей астанасында болған ВТБ Бірыңғай Лигасы Кеңесінің отырысында оның құрамына «Астана» клубын алу жөнінде шешім 28 наурызда қабылданған болатын. Қазірдің өзінде ВТБ өзінің ресми сайтына Лиганың жаңа қатысушысы «Астана» командасы туралы ақпаратты орналастырып қойған. Кеңес отырысында ВТБ Бірыңғай Лигасының жаңа президенті болып сайланған РФ вице-премьері Сергей Иванов 2011/12 жылғы маусымға «Локомотив-Кубань» (Краснодар), «Спартак» (Санкт-Петербург), чехиялық «Нимбурк» және қазақстандық «Астана» алғаш рет қатысады деп мәлімдеді. Жаңа маусымға қатысушы ұжымдар саны 16-ға дейін көбейтілген. Осылайша, алғашқы кезеңде қатысушылар екі топқа бөлініп, 2 айналымнан тұратын турнир өткізеді. Топ жеңімпаздары «Төртеудің финалына» тікелей жолдама алады, қалған екі орын үшін өз топтарында 2-4 орын алған командалар плей-офф сынында таласады (екі жеңіске дейінгі 1/8 және 1/4 финалдық серия). Жеребе тарту рәсімі Еуролигадағы жеребелеуден кейін, шамамен маусым айына жоспарланған. Оның айтуынша, ВТБ лигасына қатысуға көптеген командалардан өтініштер түскен. Іріктеу қатаң жүргізілді: инфрақұрылымның сәйкестігі, бюджет кепілдігі ескерілді, 7 мыңнан тоғыз мыңға дейінгі отыру орындары бар спорттық аренаның міндетті түрде болуы және ойындардың телекөрсетілімін ұйымдастыруға мүмкіндік болуы қажет. Елордалық клуб 9 мың көрерменді сыйғыза алатын республикалық велотректің залында ойнайды.