«Astana Club 2021» отырысы қашан өтетіні белгілі болды

Astana Club халықаралық пікірталас алаңы аясындағы алтыншы кездесу Қазақстан астанасында 15-17 қараша аралығында өтеді.

Шараны Әлемдік экономика және саясат институты (ӘЭСИ) мен Нұрсұлтан Назарбаев Қоры ұйымдастырады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. 

Пандемияға байланысты бір жылдық үзілістен кейін Astana Club тағы да беделді әлемдік спикерлердің басын қосады. Олардың қатарында бұрынғы мемлекет және үкімет басшылары, зерттеу орталықтар мен халықаралық ұйымдардың жетекшілері, әлемдік БАҚ өкілдері бар.

Отырыстың күн тәртібіндегі маңызды мәселелер: пандемия салдары, жаһандық қауымдастықтың экономикалық дағдарыстан шығу мүмкіндігі, Ауғанстан болашағы және алдағы онжылдықта Қазақстанның Орталық Азия аймағындағы көшбасшы ретіндегі рөлі.

Үш күннің ішінде Astana Club аясында 15 кездесу жоспарланған.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қалыптасқан дәстүр бойынша Клубтың пленарлық отырысына қатысады. Пленарлық отырыста «Үлкен Еуразия: болашақ әлем» тақырыбы қозғалады.

Сондай-ақ, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Қазақстан мен Орталық Азияның болашақ дамуындағы Елбасы мұрасының рөлі туралы арнайы сессия өтеді.


Astana Club бағдарламасында Ядролық қауіпсіздік үшін Ғаламдық Көшбасшылар Альянсының (ҒКА) отырысы ұйымдастырылады. Бұл

2019 жылы Astana Club-тың бесінші отырысының қорытындысы бойынша Елбасы бастамасымен құрылған жаңа халықаралық платформа. Қазіргі уақытта платформа саясаткерлер, сарапшылар, Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының лауреаттары сынды 70-тен астам көрнекті халықаралық қайраткерді біріктіріп отыр.

Анықтама:

2015 жылдан Клуб жұмысына әлемнің 40 елінен 200-ден астам спикер қатысты.

Astana Club спикерлері мен хэдлайнерлері арасында Жозе Мануэл Баррозу, Мохаммед Эль-Барадеи, Ахмет Давутоғлы, Вацлав Клаус, Хамид Карзай, Джордж Фридман, Роберт Каплан, Джейкоб Френкель сияқты белгілі саясаткерлер, сарапшылар мен бизнес лидерлері болды.