-Тайтөбенің жерін, атын, осы пәленбей жылдық тарихы бар атын өзгертпейміз, Тайтөбе қалпымен қалады.
Алла үйі бүгін құлшылық қылатын емес, дау-дамай шешетін орынға айналды. Астана іргесіндегі Тайтөбе ауылының жұрты тайлы-тұяғы қалмай мешіт ішіне жиналған. Жанжалдың ушыққаны соншалық, тәртіпті полиция сырттай бақылап жүр. Шудың шығуына Абылай ханның бас билерінің бірі болған Нияз Тілеуліұлының ұрпақтары ауылға бабаларының есімін бергісі келетіні. Алайда, тұрғындар бидің бұл аймаққа еш қатысы жоқ деп отыр.
Мәриям Сәлкенқызы,Тайтөбе ауылының тұрғыны:
- Міне, құжат. Мынау төбенің құжаты, мұнда ешқандай Нияз би жоқ. Ақмола түгел тексерілген. Жоқ, таппадық. Тарихшылар айта береді.
Тайтөбеліктердің ашу-ызасын тудырған мына кесене. Бұл жерде ежелден 10 сақ жауынгерінің қорғандары бар екенін археологтар анықтаған. Солардың біріне 2009-шы жылы Нияз бидің кесенесі тұрғызылыпты. Тұрғындар бұл қабір астында ешқандай да Нияз бидің мәйіті жоқ деп отыр. Айтуларынша, тарихи тұлғаның атын пайдаланып, бұл жерге кесене салғандар маңайды бизнес көзіне айналдырған. Себебі, турфирмалар елді жиып, жұртты зират басына жылына неше мәрте зиярат етуге әкеледі екен.
-Сіздер күнәһарсыздар, аталарыңызға там салып, ал астында Нияз жоқ. Неге елді емдейсіздер?. Медицина тұрғанда тасты барып айналады. Жатса екен әруақ, сөз жоқ. Топырақты үйіп қойып
.Енді ауылға атын берем дейсіңдер?
«Нияз биді зерттеп жүрмін, енді ауылдың атын ауыстырайық» деп Алматыдан ат арылтып келген тарихшы тезірек кетуге әрекеттенді. Тіпті аяқ асты ойынан да айнып қалды.
Өтеген Әбдіраман, тарихшы:
- Жергілікті жер қабылдамады. Бұрынғы Тайтөбе деген жері қалатын болды. Мен ұсыныс айтып, екіге бөлейін деп келгенім жоқ. Екіге бөлініп жатқан жергілікті жердің халқының өзі.
Соңында сөзінен жаңылған бидің ұрпағы осылайшы жұрттың өзіне қара күйе жақты. Бір қызығы дауды Тайтөбе ауылы әкімдігінің қызметкерлері сырттай ғана бақылап отырды. Ал тұрғындар ауыл атының өзгеруіне жергілікті шенеуніктер мүдделі сияқты деп күдіктенеді. Енді әділдікті жоғарыдан іздемек.
-Тұрғындар бұл іске шұғыл түрде депутаттар, облысы әкімі және мәдениет министрінің араласуын талап етіп, тілдей өтініш хатты Астанаға қарай жолдады. Егер түйткіл таяу уақытта шешілмесе, ауылдың аты тұрмақ бүкіл тарихынан айырылып қаламыз деп қауіптеніп отыр.