Астана іргесіндегі ауылдарды су басып жатыр

Айдын көлдің арғы бетіндегі Жаңажол ауылы. Астанадан 30 шақырым жерде. Жазық далада жатқан елді-мекенге тасқын лап қойғанда, 15 үй су астында қалған. Абырой болғанда, топан су көрінгеннен мұндағы бала-шағаның бірі қалмай шұғыл көрші ауылға көшіріліпті.

Зәуре  Әубәкірова, Жаңажол ауылының тұрғыны:

-8 баламенқиын болды. Түн ішінде күйеуім: «кеттік, су келе жатыр» дегенде қайда барарымызды білмедік. Туыстарға енді шыны керек 8 баламен қиын. Біреу жақтыртады, біреу жақтыртпайды...

Жақындарына жалтақтамас үшін көпбалалы отбасыларды әкімдік Ақмол ауылының мектебіне жайғастырған. Бес күннен бері 50-ге жуық адам осында тұрып жатыр. Сондай-ақ, тентіреп қалған жаңажолдықтарға азық-түлік, өзге де керек-жарақтарын қайырымды жандар жеткізіп берген.

-Жаңажолға жол жоқ. Ауылға алып бартын мына тас жолдың 1 жарым шақырымын су шайып кеткен. Сондықтан елді-мекенмен байланыс дәл осы жерде бітеді.

Алайда, жұрт қарап отырған жоқ. Арғы бетте үй-жайы мен малын күзетіп бірен-саран адам қалған. Соларға азық-түлік, жем-шөп жеткізу үшін бергі беттегілер қайықпен қатынауға мәжбүр.  Құтқарушылар қайықпен тек ересектерді тасуда. Ал, балаларды алып өтуге рұқсат жоқ. Бірақ, 5 күн бойы сабақтан қалған оқушылар мектепке асық.

-Ертең  сабақ деді апайымыз. Жарық болмаса да оқимыз деді. Су өтпесін деп аяқ киім сатып алдым. Мектепке киемін.

Жұрт Жаңажолға ғана емес, 7 шақырым ары орналасқан Еңбекшіге де жете алмай қалған. Көрші ауылда да ондаған шаруалар ашқұрсақ отыр.


Кәрібай Сәрсеков, Ақмол ауылының тұрғыны:

- Мал бар, сауылатын сиырлар бар. Су тасыған күні шығарып алғанбыз бері қарай. Енді арғы бетте қалған  кісілерге тамақ, бензин жіберу керек.

Ал, айтып келмейтін апат аумағын отыздан аса құтқарушы күзетіп тұр. Айтуларынша, қызыл су әзірге ауылдың ішіне кірмепті. Арнасын бұрып үлгердік дейді. Тек шеттегі үйлерді су шайған және электр бағаналары құлап, жарық үзілген.

Айнагүл Көңбайқызы, Қараөткел ауылдық округінің әкімі:

-Зардап шеккен адам жоқ, мал шығыны болуы мүмкін. Оны біздің арнайы жұмыс тобы бар, сол санап, мемлекеттің және басқа да тараптан көмек көрсетеміз деп отырмыз. Бұл ауылда 15 үй зардап шекті, оның 8-і тұруға жарамсыз.

Жаңажолды соңғы рет 61 жыл бұрын су шайған екен. Бірақ, тасқынның екпіні дәл мұндай күшті болмаған, - дейді ақсақалдар. Ал, топан су ауылға ғана емес, жақын маңдағы мазар пен әскери базаға да жақындап келеді. Қазір Астана маңындағы 500 тұрғыны бар тағы 4 ауылды су басу қаупі төніп тұр. Оны тежеу үшін құтқарушылар құмнан бөгет тұрғызып, кірпік ілмей күзетуде.

Loading...