Астана халқы арасында құқықтық насихат пен құқықтық мәдениетті арттыруды ұйымдастыру тақырыбында дөңгелек үстел өтті

Аталған департаменттің бас маманы Зура Жақиянованың айтуынша, қазан айында екі үлкен іс-шара өтіп, оның біріншісінде ҚР Президенті жанындағы Құқықтық саясат жөніндегі кеңес халық арасында құқықтық жұмыстарды жетілдіру туралы мәселелерді қарастырған. Ал 17 республикалық ведомствоның қатысуымен өткен ҚР Әділет министрлігінің Үйлестіру кеңесінде құқықтық түсіндіру жұмыстары республикалық бағдарламасына өзгерістер енгізу, Президент Аппаратынан түскен тапсырмаларды орындау жайттары талқыланған.

«Қазіргі уақытта біз қалалық деңгейдегі атқарушы орган ретінде іс-әрекет жоспарын бірлесіп әзірлеп, халықпен жұмысты ширатуымыз қажет. Құқықтық реформаның екінші кезеңі құқық қорғау жүйесін реформалаумен басталды. Бүгінгі таңда қаланың барлық заңгерлік қызметі ҚР заңнамасындағы өзгерістерге сәйкес болуы керек», - деді ол.
З.Жақиянованың атап өтуіне қарағанда, қалалық әділет департаменті басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеуді бастап та кеткен. Мәселен, халық арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын өткізу үшін білім беру ошақтарымен ынтымақтасу жақсы жолға қойылған. Сондай-ақ Қылмыстық атқару жүйесі комитетімен де бірлесіп жұмыстар атқарылуда.
«Мектептерде біз Елбасы Жолдауын талқылап, құқықтық саясат тұжырымдасын түсіндіреміз», - деді бас маман.