Бұл туралы астаналық кәсіпкер Ілияс Исатаев Фейсбуктегі жеке парақшасында жазды деп хабарлайды Caravan.kz тілшісі.
Ол өзінің екі жасар қызы тек қазақша білетіндіктен, оны өз тіліндегі мультфильмге апарғысы келгенін айтады. Ілияс әйелі екеуі орысша оқығандарына қарамастан, баласын өз тілімізде тәрбиелеп жатыр екен.
"Дисней" мультфильмдері қазақшаға аударылса, қуанып қаламыз. Өйткені бұл - сирек кездесетін жағдай. Бірақ бүгін (1.12.2016 ж. - ред.) Астанада "Моананың" 28 сеансының біреуі ғана қазақша болып шықты. Оның өзі шағын кинотеатрда көрсетілді. Сұраныс жоқ дейтін шығарсыз? Мен үш сағат бұрын барсам да, билет болмады. 28-дің біреуі 3,5 пайыз ғана. Мультфильмді қазақшаға аудару - үлкен еңбек. Тек соны көрсетпей жатыр" дейді кәсіпкер.
Ілияс Исатаев қызының бұдан да үлкен кедергілерге тап болып жатқаны туралы жазған. Яғни түрлі үйірмелерге апарайын десе де, бәріндегі мамандар тек орысша білетін болып шығады. Соған қарамастан, ол қызының қазақша жақсы сөйлейтінін мақтан тұтады екен.
"Әйелім екеуміз орысша сөйлескенімізге қарамастан, баланы қазақшаға оп-оңай үйреттік. Қазір әйелім де қазақша жақсы сөйлейді. Рас айтамын, баланы оған үйрету оңай. Тек алдыңа сондай мақсат қоюың керек. Әрине, өз-өзінен бола қалмайды. Егер қажет десеңіздер, бұл туралы да жаза аламын" дейді Ілияс.
"Моананың" қазақша трейлері