Астана көмір жағады: Көмірдің жылуы жақсы болғанмен, зияны бірнеше есе артық

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік МАГАТЭнің ресми мәліметіне сүйенсек, Жер бетіндегі АЭСтер күні бүгінге дейін 60 миллиард тоннадан астам көмірқышқыл газының атмосфераға тарауына жол бермеген, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Яғни, жер жүзіндегі автомобильдің бәрін 20 жыл бойы қыздырып қойып, соның улы түтінімен демалып отыруға тең деген сөз.

Ал Астана әлі көмір жағады. Бұл туралы журналист Алмас Алтай жазды.

"Алматы ауданында тұрам, бір кварталдан соң қаланың жеке үйлер шоғырланған аумағы - Оңтүстік-Шығыс басталады. Біз жақтағы "Юго-Восток" пен Бәйтерек жақтағы Шұбар әлі күнге дейін көмір жағады. Астана салқындады, жылу әлі берілген жоқ, жеке үйде отырған елдің еркі өзінде, олар от жағуды бастап кетті. Мыңдаған үйдің мыңдаған пеші бір мезгілде гүрілдей жөнелгенде - Астана түтінге бөгіп-ақ қалады...

Бүгінгідей желкем күндері ештеңе емес, тымық күндері зілдей қара түтін қаланы басып қалған кезде, көзден жас парлап, кеңсірік пен қолқаң удай ашып, азапқа түсесің. Көмірдің жылуы жақсы болғанмен, зияны бірнеше есе артық деген осы", - деп жазды ол.

Ғаламдық жылыну, климаттың күрт өзгеруі деп дабыл қағып жататындар АЭСке ештеңе дей алмайды. Өйткені, Жер климатының өзгеруін, яғни, жылынуын КӨМІР сияқты жылдамдатып жатқан ештеңе де жоқ.

АЭС ауаға көмірқышқыл газын және климаттың өзгеруіне әсер ететін басқа да зиянды қалдықтар шығармайды. Әзірге ең таза технология!

АЭСтің қалдығы - радиоактивті қалдық. Бұны сақтау мен қайта өңдеудің технологиясы қазірдің өзінде қарыштап дамыды, біз салар болсақ, біздің АЭС іске қосылғанша да талай даму сатысынан өтері сөзсіз.

Қоғамдағы "қарсымын" немесе "қолдаймын" деген пікірлердің болуы, тараптардың өз аргументтерін дәлелдеп, дауласып жатуы күтілген құбылыс. Бұндай ел болашағына байланысты шешімдер қабылданар кезде халықтың жайбарақат жатып алмай, өз пікірін дәлелдеуі - қоғамның өскеніне дәлел!

"Мемлекет таңдау ұсынып тұр. 6 қазан күні референдумға бару керек, қарсы болсаң да, қолдасаң да, міндетті түрде азаматтық таңдау жасау керек", - деді журналист.