Астана күніне арналған мерекелік шаралар басталды


Еліміздегі ең мерейлі мерекенің бірі – Астана күнін тойлау игі дәстүрге айналды. Мейрамның ыстық лебі бұдан 1 ай бұрын сезілгенімен, қала күнін ресми түрде атап өту бүгіннен басталады. Әдеттегідей Көк байрақты көкке көтеру рәсімі дәл осы «Атамекен» кешенінде өтеді. Бұл жолы да елорданың кез келген бұрышынан көрінетін биіктігі 111 метрлік, өлшемі 15-те 30 метрді құрайтын еліміздегі ең үлкен Ту бірер сәттен соң салтанатты түрде желбірейтін болады. Шараға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады деп күтілуде.

Жоспар бойынша еліміздің Қарулы күштерінің Бас қолбасшысы мемлекеттік рәміз астында жоғарғы әскери оқу орындарын бітірген үздік түлектерге әскери шен табыс етеді. Ал Қала күні биыл да барынша сән-салтанатымен тойланып жатыр. Таң атқаннан кеш батқанға дейін түрліше бағдарламалар өткізіліп, бұқараны шаттыққа бөлеуде. Ең қызықты шараларды біздің арна тілшілері өздеріңізге тікелей эфирде хабарлайтын болады. Мәселен, бүгін сағат 13:00-де ArtFest заманауи өнер шарасынан, cағат 17:00-де «Серпер» халық аспаптары фестивалінен тікелей эфирде ақпарат таратылады. Ал 20:00 мен 21:30-да «Астана самалы» үрмелі оркестрі мен таңғажайып мюзиклді тарту жасаймыз. Айта кетейік, биыл елордамыздың қаланғанына 18 жыл. Ендеше, еңсесін тіктеген жас қаламыз, шуақты еліміз, қуатты тәуелсіздігіміз тұрақты болғай!