Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Жиырма жылдан бері жатқан жер. Әншейін алақанының астына басып отыр. Қашан келеді сол кезде сатамыз деп. Ол кезде кадастрлық бағамен сатып алды қазір нарық бағасымен сатып жатыр. Сонда бекерге отырып қанша ақша тауып отыр.
Ақордада Астананың дамуы бойынша кеңес өткізген президент бос жатқан жерлерді қожайындарының шені мен шекпеніне қарамай мемлекет меншігіне қайтаруды талап етті. Өйткені бас қаладан 10 сотық жер телімін сұраушылар жүз мыңдап артып келеді. Сондықтан бұл салада тәртіп орнату үшін Елбасы Елордадан 30 шақырым жерден учаске бөлуге мораторий жариялады. «Экспо» көрмесіне арналып құрылыстар салынатынын ескерсек, шектеудің қанша уақытқа сақталатыны белгісіз. Жиында таяқтың ұшы 2008 жылы Астана қаласын басқарған Өмірзақ Шүкеевке де тиді. Өйткені сол кезден бастап жер телімдері мемлекетке қайтарылуы тиіс еді. Алайда жұмыс сол күйі атқарылмаған. Бұған шамданған Нұрсұлтан Назарбаев премьерден бастап бұл саладағы былықты тотатуды талап етті.