"Дифференцияланған тариф дегеніміз тәуліктегі уақыт бойынша тариф, яғни, бұл электр қуатын тасымалдаушыларға ғана емес, тұтынушыларға да пайдалы болмақ. Сондықтан, біз қазір осы жүйені Астана мен Алматы қалаларында енгізуге дайындалып жатырмыз", - деді агенттік төрағасы.
"Алматы бойынша біздің жобамыз дайын. Астана бойынша қазір аяқтау үстіндеміз және таяу арада енгізе бастаймыз", - деп атап көрсетті Н. Алдабергенов. Оның айтуынша, халыққа түнгі және күндізгі тарифтер, заңды тұлғаларға - күндізгі, түнгі және "час пик" тарифі ұсынылатын болады.
"Мұның барлығы энергияны үнемдеуге бағытталған. Біз энергияны үнемдеу арқылы ғана барлығын қанағаттандыратын оңтайлы және дұрыс негізделген тариф деңгейіне жете аламыз. Өйткені, тұтынушылардан шағым көптеп түсуде", - деп атап көрсетті Н. Алдабергенов. Бұл бірінші кезекте нормативтен тыс шығындарға қатысты. Қазір ол 1 - 4 пайыз аралығында. "Бұл дегеніміз - кәсіпорындар жоғалтқан, алайда, қазірдің өзінде ол үшін тұтынушылар төлеп қойған ақша қаражаты", - деді Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы.
Павлодарда тариф және өзара есептесу мәселелеріне арналған дөңгелек үстел барысында Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы, сондай-ақ, табиғи монополиялардың жергілікті субъектілеріне дифференцияланған тариф жүйесіне көшуге кеңес берді.
"Біз монополистерді дифференцияланған немесе көп деңгейлі тариф бойынша жұмыс істеуге міндеттеу үшін жақын арада жоба жасап оны парламентке ұсынамыз. Сондықтан, сіздерге осы мәселе бойынша жұмыстарды қазірдің өзінде бастап кетуге кеңес беремін", - деп атап көрсетті Н. Алдабергенов.