«Астана Опера» сахнасында бірегей камералық дуэт өнер көрсетеді (ФОТО)

«Қазақстанның алтын виолончелі» атанған Ермек Құрманаев пен әлемге танымал пианиношы Арман Тілеубергенов дуэт құрып, өздерінің Астанадағы концерттерін өткізеді. Музыканттардың шеберлігіне түрлі жылдары Франция, Италия, Алмания, Ресей, Түркия, Венгрия, Чехия, Австрия, Испания және Португалия елдерінде көрермен тарапынан жоғары баға берілді. Аталған орындаушылардың қатысуымен өткен концерттер «Mezzo» (Франция) және «Культура» (Ресей) сияқты әлемнің үздік телеарналары, сонымен қатар отандық - «Хабар», «Қазақстан», «Білім және мәдениет», «Сaspionet» арналары арқылы көрсетілді, деп хабарлайды «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі.

Жыл басы - Наурыз мерекесі қарсаңында музыканттар елорда тұрғындары мен қонақтарына И.С. Бах, Ф. Шуберт және Р. Шуманның шығармаларынан ұсынылатын тамаша бағдарлама әзірлеп отыр.