Бүгін елордада «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының ашылуы барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.
«Бүгін біздің мәдени өміріміздің көптен күткен қуанышты сәті. Біз елордамызды әлемдік деңгейдегі «Астана Опера» музыкалық-классикалық опера театрын ашып отырмыз. Сонымен қатар, енді санаулы күннен соң біз көркем Астананың 15 жылдығын тойлайтын боламыз. Ендеше бұл ғимарат, осынау театр Астананың 15 жылдығына арналған теңдессіз тарту болмақ»,-деді Н. Назарбаев.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ең алдымен осы ғимаратты, ғажайып шедеврді салуға атсалысқан сәулеткерлер мен жұмысшыларға үлкен ризашылығын білдірді.
Елорда сәулеті тағы бір теңдессіз архитектуралық туындымен толықты.
«Қымбатты отандастар, қадірлі астана тұрғындары мен қонақтары! Бүгін шымылдығы айқара ашылатын опера және балет театры еліміздің тәуелсіздігінің 22 жылындағы 19-шы өнер шаңырағы болып саналады. Бұған дейін еліміздің әр қиырында 18 жаңа театр салынып, ел игілігіне берілгенін өздеріңіз білесіздер. Астанаға алғаш қоныс аударған кезде тұңғыш рет біз Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрын жасадық, кадрлар даярладық»,-деді Елбасы.
Мемлекет басшысы өз сөзінде бұған дейін елордада бірегей Бейбітшілік және келісім сарайы, Тәуелсіздік сарайы, Қазақстан кино-концерт залы бой көтеріп, ел игілігіне айналғандығын баса айтты.
«Міне, олардың қатары тағы бір теңдесі жоқ архитектуралық туындымен толығып отыр. Сыртқы сән-салтанаты мен ішкі жабдығы әдемі үйлескен «Астана Опера» театрын бізге бұрын армандаудың өзі арман болатын. Баршаңызды ел өміріндегі қазақтың тарихындағы осынау жаңалықпен шын жүректен құттықтаймын»,-деді Н. Назарбаев.
«Астана Опера» бұл Орталық Азиядағы өнердің ең үлкен храмы. Бүгін елордада мемлекеттік опера және балет театрының ашылуы барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай айтты.
«Жаңа театр - бұл Орталық Азиядағы өнердің ең үлкен храмы. Бұл бүкіл Еуразия кеңістігінде соңғы бірнеше онжылдықта дүниеге келген бірден-бір ауқымды классикалық театр. Бұл әлемдегі техникалық жағынан ең жетілген театр болып табылады. Мамандар маған мұндағы аккустиканың мінсіз екендігін айтты. Ендеше бұл тарихи сәт әлемдік опера өнерінің жылнамасы мен тарихына енетін болады»,-деді Елбасы.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы «Астана Опера» теңдессіз ғимаратының Қазақстан тарихына әзірдің өзінде жазылғанын атап өтті. Бұдан бөлек Елбасы өткен жылдың желтоқсанындағы Тәуелсіздік күні қарсаңында осы ғаламат ғимаратта «Қазақстан - 2050 стратегиясы» жарияланғанына тоқталып, ол стратегияда мәдениет саласы біздің ұлтымыздың генетикалық коды ретінде айқындалғанын жеткізді.