«Астана Опера» театрында Е.Рахмадиевтің музыкалық жауһарлары ұсынылмақ


Бұл туралы «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі хабарлайды. «Таң самалы» атты мазмұнды концерт 13 мамырда өтеді. Бұл кеште сахнада бүгінде танымал болған Е.Рахмадиев атындағы I Халықаралық байқаудың лауреаттары өнер көрсетеді. Концертке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері - Бибігүл Жанұзақ, Бейімбет Таңарықов, Назым Сағынтай, Ербол Мұқанов, Ұлпан Әубәкірова, Алтынбек Әбілда, Алмат Ізбәмбетов, Нарғыз Сәтмұхамбетова, Әсел Уашева және Жәнел Қатпаева, Жұмабек Қантарбаев, Расұл Жармағамбетов, Марат Әйтімбай, Дәмір Сәдуақасов, Мәдина Айдарбекова, Диана Таймышева, Азат Тұранел, Ерұлан Кәмел, Данияр Доолотбақов, Артур Ғабдиев, сонымен қатар Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясының Камералық хоры қатысады. Әртүрлі номерлерден тұратын бағдарламаны «Алпамыс», «Абылай хан», «Қамар сұлу» операларынан ариялар мен дуэттер, Е.Рахмадиевтің әйгілі романстары мен әндері көркемдейді. Сонымен бірге Дж.Вердидің «Сицилиялық кешкі дұға» операсынан Еленаның болеросы, В.А.Моцарттың «Сиқырлы флейта» операсынан Түн Патшайымының ариясы, Дж.Пуччинидің «Турандот» операсынан Калафтың ариясы сияқты туындылар орындалады.