Мақатаевтанушы, филология ғылымдарының докторы, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Сәуле Әбішева «Мақатаев жырларының құпиясы неде? Олардың қайталанбас әсерлі келетіні неден? Жаныңды баурап алып, не себепті жібермей қояды?», деген сұрақтарға жауап іздеумен келеді: «Адам болмысына деген махаббат, өмірге деген махаббат, оның барлық көріністері - мәні мен мазмұны жағынан философиялық болып табылатын оның поэзиясының феномені. М. Мақатаевтың өлеңдері оның Отанына, туған жеріне, халқына және туған тіліне деген махаббатының негізінде өріліп, бойға нағыз патриоттық қуат береді», - дейді Сәуле Әбішева. Кемеңгер ақын өзін ХХI ғасырдың ұрпағымен құрдас екенін, мүмкін, одан арғы буынмен туыс шығармын деп жазған...
«Астана Опера» театрының көркемдік басшылығы екі ұлы жауһар - Мұқағали Мақатаевтың «Моцарт. Жан азасы» поэмасы мен В. А. Моцарттың «Реквиемін» бір концерт аясында біріктіруді жөн көрді. Осылайша, көрерменге музыкалық-поэзиялық диалог ұсынылады. Композитордың ұлы музыкасына ақын өлеңмен жауап қатты. Вольфганг Амадей Моцарттікі сияқты Мұқағали Мақатаевтың да ғұмыры қысқа, алайда жарқ еткен шығармашылық өмір болды. «Реквием» - екеуінің де соңғы шығармасы. Музыкалық-поэзиялық «Реквиемді» тыңдап отырып, бастан кешкен әрбір күннің қуанышы мен өмірдің құндылығы жайлы еріксіз ойға батасың», - дейді Байғали Момбеков.
Кеште «Астана Опера» театрының солистері: сопрано, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Ниязова; меццо-сопрано, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина; тенор Рамзат Балақышиев; бас Болат Есімханов өнер көрсетеді; Мұқағали өлеңдерін - ҚР еңбек сіңірген қайраткері Байғали Момбеков; концертке «Астана Опера» хоры және симфониялық оркестрі қатысады, дирижер - ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов.