Кезінде Леонид Якобсонның (1956), одан кейін Игорь Моисеевтің (1958) редакциясындағы ұмыт қалған қойылым талантты шебер иесі Юрий Григоровичтің (1968) нұсқасымен алмасып, 6, 8, 10 маусымда елорда көрермендерінің назарына ұсынылады. Толығымен Үлкен театрдан әкелінген қойылым құштарлықтың, эпостық шабыттың, бидің алуан-түрлі формасын паш етеді, деп хабарлайды «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі.
Балет-эпопея рух еркіндігін дәріптеп, құлдырай бастаған рим қоғамын бейнелейді. Ал ондағы шынайы өлімді, азапты, қантөгісті жеткізетін гладиаторлардың әсерлі шайқасы, куртизанка қыздардың еркін биі қойылымды өзге бірсарынды 20 нұсқаның ішіндегі бірегейі етеді.
Оқиға желісі көрерменге зұлым Красс басқарған император әлемінің әскери машинасы бейбіт өмірді қалай қирататынын баяндайды. Ол ондаған мың адамды тұтқынға алады, солардың ішінде Спартак пен Фригия да бар еді. Бірге болу үшін қос ғашыққа талай сыннан өтуге тура келеді. Халыққа, махаббатқа деген сенім және досының ойланбай шайқасқа шығып, қапыда қаза табуы Спартакты ашындырып, көтеріліске итермелейді. Крассқа қарсы бой көтерген құлдар жетекшісінің кең пейілділігі айналып келіп, өзіне зиянын тигізеді. Жеңіліс тапқан римдік қолбасшы оңайлықпен беріле қоймай, қайта оралып, күші тең емес шайқаста Спартак пен оның достарын өлтіріп кетеді. Соңғы көріністе Фригияның ғашығының мәйітіне келіп, оны жоқтап жылауы, ерлігінің мәңгі өлмейтініне деген сенімі қойылымды одан бетер трагедиялы ете түседі.
«Астана Опера» балетінің көркемдік жетекшісі Тұрсынбек Нұрқалиев, Юрий Григорович қойған «Спартак» балеті бүгінгі күні әлемдік классиканың жауһары ретінде мойындалғанын атап өтті. «Біздің әртістеріміз мұндай үлкен көлемдегі балеттік мәтінді бірінші рет орындағалы тұр. Үш акттан тұратын ауқымды қойылымға кордебалеттегі барлық жігіттер қатысады»,-дейді ол.
Бас партияны орындайтындар - Досжан Табылды, Бақтияр Адамжан, Красс - ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сержан Кәуіков, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Тайыр Гатауов, Фригия - ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Баспаева, Әнел Рүстемова, Эгина - Әйгерім Бекетаева, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Гауһар Усина, Әсел Шәйкенова. Қоюшы дирижерлар: Армения Республикасының Еңбек сіңірген өнер қайраткері Карен Дургарян (Мариинский театры).
«Спартак» «Спартак»