Астана - Орталық Азияның мәдени орталығына айналуы тиіс - Қырғызстанның халық суретшісі Ю. Шығаев

«Астана - Орталық Азияның мәдени орталығына айналуы тиіс. Нұрсұлтан Назарбаев сынды тамаша Елбасшысы бар республиканың бұған әлеуеті зор. Біз Қазақстанның өркендеуіне қарап сүйсінеміз. Бұл сіздердің Президенттеріңіздің арқасы», дейді Қырғыстанның өнер қайраткері.

Ю. Шығаев осымен 3-ші жыл фестивальдің «Бейнелеу өнері» аталымы бойынша қазылар алқасының мүшесі ретінде қатысып келеді. Оның айтуынша, «Шабыт-2010» фестиваліне қылқалам шеберлерінің 600-ден астам жұмысы келіп түскен. Оның 150 жұмысы іріктеліп, байқаудың негізгі кезеңіне жіберілді.
«Байқауға қатысатын жас суретшілердің кәсіби деңгейі жыл сайын өсіп келеді. Олардың арасынан атақты Репин, Шишкин, Қастеев, Айтиев секілді таланттар шығатынына сенімдімін. Себебі жас өнер өрендерінің суреткерлік мектебі, негізі мықты», дейді ол.
«Қазақстан - «Шабыт» фестивалінің болашағы мен әлеуеті зор екендігін тағы да бір дәлелдеді», деп атап көрсетті Ю. Шығаев.
Жалпы бір аптаға созылған «Шабыт-2010» өнер байқауына Ресей, Қазақстан, Өзбекстан, Якутия, Татарстан, Беларус және басқа да шет мемлекеттерден 600-ден астам үміткер қатысқан болатын.
Бұның алдында хабарланғанындай, кеше кешке елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен қорытынды кезеңінде Италия, Испания, Польша, Франция, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстан елдерінің өкілдерінен құралған қазылар алқасы халықаралық байқаудың Гран-при жүлдегерлері мен лауреаттарының есімдерін атады. Бас жүлде - ҚР Президенті Кубогі Өзбекстанның «Feruz» атты ішекті аспаптар ансамбліне бұйырды.