«Астана» өз алаңында «Вильярреалдан» жеңілді

«Астана арена» стадионында УЕФА Еуропа лигасы топтық кезеңінің 5-туры аясында елордалық «Астана» мен Испанияның «Вильярреал» командалары кездесті, деп хабарлайды Елорда инфо.

«А» тобының көшбасшылары арасындағы ойынның нәтижесіне көп мәселе байланысты еді. Командалар да осыны жақсы түсініп, алғашқы таймда сақтықпен ойнады. Ойын алдында елордалық ұжымның бас бапкері Станимир Стойлов та аса қиын ойын күтіп тұрғанын айтқан болатын. Айтқанындай-ақ бірінші тайм қонақтардың басымдығымен өтті.

Алғашқы қауіпті сәттердің астаналық команда қақпасының маңында болғаны да осыны растайды. Дегенмен, бірінші голды астаналық ұжым соқты. Твумасиден допты қабылдап алған Джуниор Кабананга алыстан күшті соққы бағыттап, есепті ашты. Бірте-бірте ес жиып алған «сары субмарина» жоспарлы шабуылдарын үдете түсті. Тайм соңына қарай оң қанаттан жарып кірген Даниель Раба есепті теңестіріп кетті.

«Вильярреал» екінші таймды шабуылға жұлқына кірісумен бастады. Капитан Мануэль Тригеростың басшылығында Эрнандес — Раба — Форнальс футболшыларынан құраған ромб бірінші таймдағы секілді ойынды өз бақылауында ұстады. Бастырмалата шабуылдаған испаниялық ұжым 65-ші және 84-минуттарда тағы екі гол соқты. Алаңға қосалқы құрамнан қосылған Седрик Бакамбю дубль авторы атанды. Біздің команда екінші таймдағы алғашқы нақты гол соғу мүмкіндігіне 88-минутта қол жеткізді. Қарсыластардың айып алаңының сол жақ төбесінен жарып кірген Патрик Твумаси допты төменгі алыс бұрышқа күшті соққымен шегеледі, есеп — 2:3. Жігерлене түскен «Астана» бір ұпай алу үшін барын салды. Алайда, әттеген-ай, уақыт жетпей қалды. Осы ойыннан кейін «Вильярреал» 11 ұпаймен 1/16 финалға жолдаманы мерзімінен бұрын иеленді, ал 7 ұпаймен әзірге екінші орында тұрған «Астана» плей-оффқа шығу мәселесін 6-турға қалдырды.

30 мың орындық «Астана арена» стадионы көрерменге лық толы болғанын айта кетейік.