«Astana Piano Passion» байқауы қатысушыларының өнерін әлемдік деңгейдегі пианистер бағалайды


«2014 жылы 1 желтоқсанда Тұңғыш Президент күніне орай «Astana Piano Passion» ІІІ халықаралық классикалық музыка фестивалі және жас пианистер байқауына қатысу өтінімдерін қабылдау басталды. Байқаудың финалы 2015 жылы 24 сәуір мен 2 мамыр аралығында өтеді. Байқаудың арнайы сайтында байқауға қатысудың талаптары толықтай көрсетілген Байқаудың ережелері жарияланды. Үшінші байқауға айтарлықтай өзгерістер енгізілмеген, тек байқаудың жартылай финалы мен финалдың өту күні өзгертілген», делінген хабарламада.

Фестиваль-байқауды ұйымдастырушылар - Астана қаласының әкімдігі мен «Accordi di Astana» қоғамдық қоры. Байқаудың көркемдік жетекшісі және құрметті төрағасы - Ресейдің Халық әртісі, Денис Мацуев.

Жас пианистер байқауы Қазақстанның жас дарындарын тәрбиелеп өсіреді және жастарды музыкамен айналысуға тартады. «Astana Piano Passion» ІІІ халықаралық жас пианистердің фестиваль-байқауын ұйымдастырудың мақсаты: фортепиано өнері саласында жаңа таланттарды айқындау, ұлттық фортепиано мектептері дәстүрін нығайту, орындаушылық өнер әдістерімен халықаралық алмасу, ұлттық мектептердің дәстүрлері мен шығармашылық байланыстарын нығайту, фортепиано бөлімінде оқытудың шеберлік деңгейін жоғарылату. 

Қатысушылардың өнерін беделді халықаралық қазылар алқасы құрамына кіретін әлемдік атаққа ие пианистер, айтулы халықаралық байқаулардың музыкалық продюссерлері бағалайтын болады. Қатысушылардың жасы - 18 жасқа дейін. Байқаудың жалпы жүлде қоры - 60 000 АҚШ доллары. Байқауға қатысу тегін, бұған қоса, ұйымдастыру комитеті қатысушы мен оны алып жүретін адамның жолақысы мен Астана қаласында тұру ақысын төлейді. Жас орындаушыларды Астана қаласының әкімі атынан екі арнайы сыйлық, байқаудың көркемдік жетекшісі атынан арнайы сыйлықтар, халықаралық фестивальдеріне қатысу, Суздаль қаласындағы жазғы лагерьге бару, сондай-ақ қазақстандық композитодың шығармасын үздік орындаушыға арналған арнайы сыйлық күтіп тұр және байқаудың лауреаттары атанған қатысушылардың ұстаздарына да сыйлық  тағайындалған. 

Іріктеу турын арнайы құрылған комиссия 2015 жылдың 1-20 наурыз аралығында өткізеді. Байқауға қатысушылар іріктеу турының қорытындысы бойынша анықталады. Жартылай финалға саны 30-дан аспайтын жас музыканттар жіберіледі. 

Байқауға қатысу туралы толық анықтаманы www.astana-app.kz сайтынан білуге болады.