"Келісім шеңберінде химия және мұнайхимиясы, азық-түлік және жеңіл өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені, машина жасау және көлік инфрақұрылымын дамыту салаларында өзара ынтымақтастық жолға қойылады",- делінген Астана қалалық әкімшілігінің баспасөз қызметінен таратылған хабарламада. Сол ақпаратқа сәйкес, келісім бойынша бірлескен ғылыми-зерттеу бағдарламаларын жүзеге асыру, озық технологияларды ойлап табу және игеру, ғылыми зертханалар құру, семинарлар мен конференциялар өткізу, мамандық жетілдіру де көзделген.
Келісімде Астана мен Башқұрстан арасындағы мәдени байланыстар аясын кеңейту қарастырылған. Соған сәйкес көрмелер, өнер майталмандарының, кәсіби және көркемөнерпаздық ұжымдардың концерттерін, Қазақстан және Башқұртстан халықтарының мәдениет фестивальдары мен мерейтойларын ұйымдастыру, кинотүсіру саласындағы ынтымақтастықты өрбіту көзделіп отыр. "Бұл келісімді жүзеге асыру үшін Астана мен Башқұртстанда екі жақтың өкілдіктері ашылады",- делінген баспасөз баянында.