Астана әкімінің орынбасары Асылжан Мамытбековтың айтуынша, мұндай меморандумға қол қоюға "Астананың құрылыс рыногында белең алған көлеңкелі факторлар түрткі болып отыр. Өйткені, кейбір құрылысшы-компаниялар өз жарнамасында салынып жатқан тұрғын үй нысандары туралы жалған ақпаратты пайдаланып, сатып алушыларды алдайтын болды".
Меморандумға қол қою арқылы әкімшілік пен қауымдастық "Елордасында салынып жатқан барлық тұрғын үй нысандары туралы ақпараттарды тұрақты жариялап отыру арқылы, сондай-ақ, Елордадағы жалпы құрылыс саласының мәліметтер қорын жинақтаған автоматтандырылған ақпараттық жүйені бірлесе жасау арқылы баспана сатып алушылардың хабардарлық деңгейін көтеру" міндеттемеін жүктеп алды",- деді әкімнің орынбасары.
Қазақстан құрылысшылары қауымдастығының президенті Фарит Ғалымовтың айтуынша, меморандумды жүзеге асыру бағытындағы алғашқы қадам ретінде "Қазақстандағы тұрғын үй құрылысы" республикалық апталығында арнаулы айдар ашылып, онда "Астана қалалық әкімшілігінің сәулет-құрылыс департаменті мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы мен Қауымдастықтың атқарушы дирекциясынан оң бағаға ие болған тұрғын үй кешендері туралы тексерілген әрі ақиқат ақпараттар" жарияланатын болды.
А.Мамытбековтың айтуынша, оң бағаға ие болғысы келген компаниялар әкімшілік пен қауымдастық тарапынан белгіленген сенімділік өлшемдеріне сай келуі тиіс. Соның ішінде құрылысшыларға компанияның қаржылық тұрақтылығы, кәсіби құрылысшылар тобының болуы, тиімді басқару жүйесі, техникамен жоғары деңгейде жарақталуы, сапаны қамтамасыз ету жүйесінің болуы, тұрғын үй салу тәжірибесі мен клиенттермен арақатынасының ашықтығы тәрізді талаптар міндетті түрде қойылмақ.