Астана қалалық ІІББ екі аптаға созылған "Іздестіру" шарасының қорытындысын шығарды

Бүгін, 2-желтоқсанда өткен баспасөз мәслихатында Астана қалалық ІІББ қылмыстық полициясының басқармасы бастығының орынбасары Жанат Битеновтың хабарлауынша, шара аясында Астана қалалық полициясы қалалық ІІББ тарапынан іздеу жарияланған 60 адамның 21-ін ұстады. "Атап айтсақ, біз кісі өліміне қатысы бар екі күдіктіні, адам зорлаған екі күдіктіні, тонаушылыққа қатысы бар алты күдіктіні қолға түсіруге мүмкіндік алдық",- деді Ж.Битенов.

Сонымен бірге Астана полициясының араласуымен ҚР ІІМ-нің басқа да аумақтық мекемелері тарапынан іздеу жарияланған басқа қалалардың 10 тұрғыны мен Ресей, Әзербайжан және Қырғызстан құқық қорғау органдары тарапынан іздеу жарияланған 6 адам қамауға алынды. Ж.Битеновтың айтуынша, қазір оларды экстрадициялау туралы мәселе шешіліп жатыр.
Сондай-ақ, оның айтуынша, "Іздестіру" шарасының барысында Астана аумағында бұған дейін із-түзсіз кеткендер санатындағы 29 адамның, соның ішінде кәмелеттік жасқа жетпеген 18 жастың мекен-тұрағы анықталды. 23 мәйіт танылды.