Астана қаласында ТМД елдері опера театрлары солистерінің гала-концерті өтеді

ТМД опера театрлары солистерінің гала-концертінде Афаг Аббасова (Әзірбайжан), Андрей Валентий (Беларусь), Кристина Саакян (Армения), Садық Нуруллоев (Тәжікстан), Эльнура Самарбекова (Қырғызстан), Богдан Волков (Украина), Марианна Буликану (Молдова), Руслан Гафаров (Өзбекістан), Дарья Коваленко, Юрий Лаптев (Ресей), Азамат Жылтыркөзов, Сүндет Байғожин және Бибігүл Жанұзақ (Қазақстан) өнер көрсетеді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты биылғы Жолдауына сәйкес 2012 жыл еліміздің тарихына «Астана - түркі мәдениетінің астанасы жылы» және «Астана - Достастықтың мәдени астанасы жылы» ретінде еніп отыр.

«Астана - Достастықтың мәдени астанасы жылы» жобасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің қалыптасуы мен өркендеу жолына түсулеріне соны серпін берері сөзсіз. Ал Астана үшін бұл халықтық және жалпыұлттық оқиғаға айналды. Сондай-ақ, Астана ТМД елдерінің мәдени астанасы болып тағайындалуы - Қазақстанның мәдени сұхбат алаңына айналғанының тағы бір дәлелі.