Кеңес мүшелері қатысқан алқалық жиын ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өтті.
Жиынды ашқан ол күні кеше өткен еліміздің ең басты мейрамы - Тәуелсіздік күнімен құттықтай келе: «Биылғы жыл бүкіл Қазақстан үшін, бүкіл халқымыз үшін жұлдызды жыл болды деп айтсақ артық болмас. Қазақстан ТМД аясында, Азияда тұңғыш рет ЕҚЫҰ-ға төраға болды. Оның үстінде ЕҚЫҰ сынды алып ұйымның 11 жыл бойы жинамаған саммитін Астанада Елбасының басшылығымен өткіздік. Бәріміз осы саммиттің ұйымдастырылуы, өткізілуі, Саммит декаларациясының қабылдануы бүкіл Қазақстан халқының, мемлекетіміздің, Елбасымыздың үлкен жеңісі деп түсінеміз», - деді.
Осыдан кейін отырыстың күн тәртібіне сәйкес жоба аясындағы Дамаск қаласындағы Әл-Фараби тарихи мәдени орталығы мен кесенесінің құрылысы және Сұлтан Бейбарыстың кесенесін қалпына келтіру жұмыстары, ұлттық мұраларымыз туралы түсіріліп жатқан деректі фильмдер, археологиялық зерттеу жұмыстарының 2010 жылғы нәтижелері туралы баяндамалар тыңдалды.