Халықтар достығын және балалар арасындағы мәдени байланысты нығайтуға бағытталған аталмыш фестивалға Қытайдың бірнеше ансамблі қатысты. Сондай-ақ Ресейдің екі шығармашылық ұжымы, Қазақстан, Түркіменстан, Қырғыз Республикасы, Үндістан, Пәкстан елдерінен бір-бір ансамбль өнерлерін паш етті.
Көршілес елдердің ынтымақтастығын арқау еткен өнер мерекесіне елодалық балалардың қатысуына Қазақстан Республикасындағы Қытай Халық Республикасының елшілігі мұрындық болған.
Айта кету керек, Қытай, Түркіменстан, Үндістан елдерінің өнерлі балалары ұлттық билерін жұртшылық назарына ұсынды. Ресей, Қазақстан ансамбльдері негізінен ән айтумен ерекшеленді. Ал көршілес Қырғыз Республикасының жас өнерпаздары осы фестивалге арнайы өздерінің театрландырылған көрінісін дайындапты. Олар өз елдерінде болған саяси-тарихи маңызды оқиғалардан үзінді көрсетті.
Астаналық ансамблді №2 балалар музыка мектебінің директоры Оспан Сүлейменұлы бастап барды. Елордалық өнерлі балалар Құрманғазының «Балбраун» және Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы» күйін орындап, қошеметке бөленді. Сонымен қатар №2 балалар музыка мектебінің ұстазы Кәрімбек Ендібаевтың «Астана салтанаты» атты күйін бірнеше елден жиналған көрермендердің назарына тарту етті. Жеке орындаушылар да ән шырқады.
«Балалардың концерттен тыс уақыттары да тиімді іс-шараларға қатысуымен ерекшеленді. Демалыс кезінде орталық саябақты, зообақты аралап көрді. Әсіресе, озық заманауи технологияның дамуына арналған мұражай балалардың өте қызығушылығын туғызған. Онда әлі қолданысқа енбеген техника түрлерімен, әр түрлі «өнер» көрсете алатын роботтармен танысты. Өнерлі балаларға құлтемірлерден құралған оркестр қатты әсер етті. Жиырмадан астам мүшесі бар «өнерпаз» оркестрдің өз дирижерлері бар. Олардың орындаған шығармасы әр баланы өзіне тартып, қызықтыра түсті. Сонымен қатар Қытай елі ғарышты зерттеуге өте мән беріп отырғанын анық байқадық. Өйткені осы мұражайдың бір қабатын түгелдей ғарыш саласына арнаған. Онда балалар Жершары мен Ғаламшардың құпия әлемінен мол мағлұмат алды деп ойлаймын»,- дейді №2 балалар музыка мектебінің директоры Оспан Сүлейменұлы.
Бір аптаға созылған өнер фестивалі мәдени ойын-сауық кештерін қамтыған бағдарламалармен де қызықты өтті.
Еліміздің атынан барған астаналық балалар қорытынды Галла-концертте де өнер көрсетті. Ұжым жетекшілеріне алғашқы фестивалдің халықтар достығын білдіретін арнайы белгісі табыс етілді. Осы шараға қатысқандардың барлығы дипломға ие болды.