Астана театрының 21 маусымы ашылады

Астаналық қазақ театры еліміздің тәуелсіздігімен құрдас. Биыл қазақ театры 20 жылдық мерейтойын атап өтеді.

Театрдың қалыптасқан дәстүрі бойынша жаңа маусым қарсаңында шығармашылық ұжым француз драматургі Жан-Мари Шевренің «Ізгілік формуласы» атты комедиясының премьерасына дайындық жұмыстарын бастап кетті. Ж.М. Шевренің «Squat» атты шығармасы алғаш рет 2000 жылы Париж театрында қойылған. «Squat» ағылшын тілінен аударғанда бос тұрған үйді заңсыз иелену деген мағынаны білдіреді екен. Аталмыш комедия Париж қаласының театрында 2000-2001 жылдары 350 рет ойналған. Осы жылдары көркемдік маңыздылығы мен көтерген идеясының көкейкестілігі, гуманистік көзқараста ұлттар арасындағы қарым-қатынас тақырыбын ерекше қамтығаны үшін БҰҰ-ның халықаралық сыйлығына ие болған.

Шығарманың негізгі ойы - бір қалада өз бақыттарын іздеп жүрген әртүрлі ұлт өкілдерінің хикаяға толы бастан кешкен оқиғаларын суреттейді. Сүйіспеншілік пен мейірімділік, адам жанына ізгілікті іздеген комедия өз көрермендеріне тың ойды көксейді. Қойылымның премьерасы қараша айының ортасына жоспарланған.

Сондай-ақ жақында ғана Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған Мәдениет министрлігінің қолдауымен 25 қыркүйек пен 1 қазан аралығында Алматы қаласында ХІХ Республикалық театрлар фестивалі өтті. Астаналық Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театры Еркін Жуасбектің «АНТИВИРУС» атты комедиясымен қатысып бақтарын сынады. Қойылымның режиссері - ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов. Түймехан Атымтаева «Үздік актриса» атанды.