Астана теміржолы вокзалында 15 лотереялық терминал тәркіленді

«Астана қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеу қызметі ойын бизнесі саласын үнемі бақылауда ұстайды.  Ойын автоматтары бойынша кәсіпкерлік субъектілері қызметінің заңдылығы тексеріледі.  Бұл ақшаны қабылдап, фискалды чексіз ұтыс пен лотерея билеттерін бере алатын  электронды терминалдарға қатысты. Алайда мұндай терминалдарды елордалық теміржол вокзалынан көруге болады», - деді Астана қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметінде.

Осылайша, ағымдағы жылы 29 шілдеде Гёте көшесі, 7 мекенжайында орналасқан ескі сапаржайды тексеру кезінде 15 лотереялық терминал анықталып, тәркіленді. Шілденің басында департамент қызметкерлері осы жерден заңсыз 17 терминалды әшкерелеген. Ал өткен жылдың желтоқсан айында осындай 14 терминал тартып алынған.  

Ведомстводан хабарлағандай, қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.


Еске сала кетейік, ойын бизнесі туралы заңда «ойын мекемесінің ұйымдастырушысы орнатқан және құмар ойын ұйымдастыру үшін пайдаланылатын ойын жабдығы (механикалық, электрлік, электронды немесе басқа техникалық жабдық) заңсыз» деп жазылған.

Бұған екі аймақта ғана: Алматы облысы Қапшағай су қоймасының жағалауы мен Ақмола облысындағы Бурабайда тыйым салынбаған.