Астана төрінде Қадыр ақынды еске алуға арналған кеш өтеді

Бұл шара Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Халқымыздың ардақты азаматы, қазақ поэзиясының ойшыл ақыны Қадыр Мырза Әлі шығармаларының шоқтығы биік. Ол ғажап теңеулер келтіріп, философиялық ойлармен түйін түю арқылы қазақтың қара өлеңін заңғар шыңға шығарды.

Қадыр Мырза Әлі 1935 жылы 5 қазанда Батыс Қазақстан облысының (қазіргі Сырым ауданы) Жымпиты кентінде туған. 1958 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған. Еңбек жолында «Балдырған», «Жұлдыз» журналдарында, Жазушы баспасында, Қазақстан Жазушылар одағында қызмет атқарған.

Тұңғыш жинағы «Көктем» 1959 жылы жарық көрді. 1966 жылы «Ой орманы» жинағы үшін Қазақстан Ленин комсомолының сыйлығы берілді. 1980 жылы «Жерұйық» жыр кітабы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. 2001 жылы Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығын алды.

Ақынның жетпістен астам поэзиялық, прозалық, сондай-ақ әдеби-сын кітаптары жарық көрген, өлеңдері мектеп оқулықтарына енді. Ал әнге арнап жазылған өлеңдерінің саны екі жүзден асты. Олардың көбі халыққа кең тараған. Талантты ақын қаламынан халық фольклорының атақты күлдіргі кейіпкері Алдар көсе жайлы «Сақал саудасы», «Қасқыр қақпан» атты өткір сатиралы комедия мен Махамбеттің ең соңғы азапты күндеріне арналған «Жаралы жолбарыс» атты және «Әмір Темір» кесек драмалық шығармалары да жарық көрген.

2011 жылдың 22 қаңтарында қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әли 77 жасқа қараған шағында өмірден өтті.

Ұйымдастырушылар осы кешті «Жоқ! Өлмеймін! Правом жоқ өлуге,

Сөз сыйлайтын халқым аман тұрғанда!» деген атаумен өткізгелі тұр. Бұл ақынның соңғы жазған өлеңдерінің бірінде айтқан ой-түйіні болатын.

Әдеби кеште ақын туралы ойлар ортаға салынып, оның өлеңдеріне жазылған әндер шырқалады.