Астана тұрғындары бұзылатын үйлер үшін берілетін өтемақы мөлшерін қайтадан қарауды талап етуде

Наразылық шарасына 50-дей адам қатысуда. Олар "Тұрғындарды көшіру туралы заңсыз әрі ұяттан безген шағымдар жойылсын", "Әкім, өтемақы төлегенше, сатып ал" деген жазулары бар плакаттар ұстап алған.

Шараға қатысушы Антон Фабрыйдың айтуынша, Елордасындағы ескі үйлерді бұзумен айналысып жатқан Астана әкімшілігі мен тұрғын үй департаменті "бұзылатын үйлерге тым мардымсыз өтемақы белгілеуде". Мәселен, оның айтуынша, "Слободка" ауданындағы бір шаршы метр жер 300-700 АҚШ долларына бағаланатын болса, адамдарға бір метр үшін 9-18 доллар көлемінде өтемақы тағайындалуда.
Наразылық шарасына қатысушылар әкімшілік бөлген қаржы "Астананың қиыр шетіндегі аудандардан ғана" баспана сатып алуға әрең жетеді дегенді алға тартады. Ал "Слободка" - қала орталығындағы аудан.
KZ-today тілшісінің ақпаратына сәйкес, наразылық шарасы басталғаннан 20-25 минуттан кейін адамдарға тәртіп сақшылары келіп, үкімет үйінің алдынан әкімшілік ғимаратына қарай жылжуды ұсынды. Алайда, шараға қатысушылар әкімшілікке қарай бет түзеген кезде оларды тәртіп сақшылары қоршауға алып, үш қатысушыны тұтқындап, полицияның көлігіне отырғызып әкеткен.
ІІББ бастығының орынбасары Владимир Козактың айтуынша, "уақытша кідіртілген наразылық шарасына қатысушыларға қатысты қазір әкімшілік іс материалдары рәсімделуде". "Егер бұл адамдар заң талаптарына бағынбаса, онда, тіпті қылмыстық іс те қозғалып, одан әрі сотқа жіберіледі",- деді ол журналистерге.
Митинг басталғаннан бір жарым сағаттан кейін жиналғандарға қала әкімі Өмірзақ Шүкеев шақты. Наразылық шарасына қатысушылардың талап-тілегін тыңдаған ол "тұрғындардың тауқыметіне бүтін күнін арнауға дайын" екенін мәлімдеді. "Дұрысы, үйлерді өз көзімізбен көріп, бағалаушымен бірге үйдің не себепті бұлай бағаланғанын бағамдайық. Егер үй дұрыс бағаланбаған болса, сіздермен бірге сотқа қайтадан баруға дайынбыз",- деді Ө.Шүкеев. Осыдан кейін әкім наразылық шарасына қатысушылармен бірге "Слободка" ауданына қарай жүріп кетті.
Ал бүгін Астанада бұдан басқа да екі бірдей наразылық шарасы өтті. ҚР бас прокуратурасының жанында бір топ әйел өздерін бас прокурормен жолықтыруды талап етті. 20 әйел Алматыдағы Қазақ экономикалық университетінің жатақханасы тұрғындарының мүддесін қорғай келіпті. Олардың айтуынша, жатақхана тұрғындарының бәрі де аталмыш жоғары оқу орнында жұмыс істейді немесе кейбірі бұрын сонда істегендер және жатақханада 10 жылдан артық уақыт бойы тұрып жатыр. Алайда қазір жатақхана жеке меншікке сатылып кеткен. Әйелдер өздерін жатақханадан шығарып тастауға наразылық білдіріп, жатақхананы жекешелендіріп алуға мүмкіндік беруді талап етуде.
Тағы бір наразалық шарасы "Ақ Орданың" алдында, Есілдің сол жағалауында, жаңа әкімшілік орталықта өтті. Бес адам әлі де мемлекет басшысымен кездестіруді талап етуде. Олардың пайымдауынша, президент тікелей назар аудармайынша, олардың жақындарына қатысты істер әділетті қаралмайды.