«Астана - жаңа қала» АЭА-на он жылда 2 трлн. теңге инвестиция құйылды

Бұл туралы бүгін Астанада екінші рет өткізіліп отырған «Smart Astana - 2012» конференциясында Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов айтты.

«Жасыл экономиканың» негізгі құрамдас бөліктерін белсенді түрде біртіндеп енгізе берсек, бұл жалпы экономиканың құрамын да өзгертеді. Оның тұжырымдамасы бойынша, көмірсутектерді қолдануға үлкен көлемдегі салық төленіп, ал еңбекке аз салық салынады. Осылайша, тиімділігі жоғары төмен көміртекті экономика барлық экономика үшін жаңа серпін беретін болады», - деді ол.

Оның айтуынша, өткен жылғы конференцияда «Smart Astana» жобасының тұжырымдамасы қабылданған. «Қазіргі уақытта Астанада осы тұжырымдама аясында бірнеше жоба жүзеге асырылып, жемісін бере бастады. Аталмыш ілкі жобалар әлеуметтік салада іске асырылды. Алдағы уақытта инновациялық технологияларды коммуналдық салаға енгізуді мақсат етіп отырмыз», - деді И. Тасмағамбетов.

Әкімнің берген ақпараттарына сәйкес, инновациялық экономиканы құруда негізгі тетік болып табылатын «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағына 2002-2012 жылдар аралығында тартылған инвестиция көлемі 2 трлн. теңгеге жуық немесе 13,3 млрд. АҚШ долларын құраған.
«ЕХРО-2017 халықаралық көрмесін өткізуге дайындық жұмыстары жаңа инвестициялар тартуға, халықаралық әуе рейстерін кеңейтуге және басқа да инновациялық жобаларды іске асыруға ықпал ететіні сөзсіз», - деді И. Тасмағамбетов.