«AstanaBallet» хореографиялық ұжымы құрылды

Елімізде өнердің барлық түрін дамыту үшін жеткілікті жағдай жасалған. Өнер ұжымдары мен жеке орындаушылар Қазақстан өнерін әлемнің беделді сахналарында насихаттап жүр. Қазақстан мәдениеті мен өнерін одан әрі ілгерілету үшін ұлттық және әлемдік хореография дәстүрін ұстанатын жаңа ұжым құру керек болды, - деп хабарлайды astana.kz Астананың 15 жылдық мерекесін әзірлеу және өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитеті штабының медиатобына сілтеме жасап.

«Astana Ballet» Қазақстанның ұлттық би өнерін әлемдік қоғамдастыққа көрсететін имидждік жоба. Ұжымның құрамы А.Селезнев атындағы Алматы хореография училищесінің түлектерінен тұрады. Ансамбль құрылтайшысы - «Н.Назарбаевтың мәдениет, білім беру және әлеуметтік бағдарламалар қоры». Басты міндет - әлемдік өнер талабына сай келетін, сонымен қатар ұлттық ерекшелігі айқын жаңа би репертуарын қалыптастыру.


1 шілдеде, Астана күні мерекесі қарсаңында «Astana Ballet» хореографиялық ұжымының тұсаукесер концерті өтеді. Кеш бағдарламасы дәстүрлі әлем халықтарының билерінен және шет ел классикасынан құралған. Дайындық барысында хореография өнері саласындағы үздік отандық және шетелдік мамандар тартылды. Сонымен қатар көзтартар қойылымдарды сахналаудың әйгілі шеберлері жұмылдырылды.