«Өздеріңізде білетіндей, 12 сәуірде такси көліктерінің жаңа эскизі мен жүргізушілердің киім үлгілері бекітілген болатын. Бүгінгі күні біздің тізілімде 14 таксомотор компаниясы бар. Оларда шамамен 500 көлік тіркелген. Айта кетерлігі, «Автомобиль көлігі туралы» Заңға сәйкес жеке кәсіпкерлер немесе заңды тұлғалар жолаушылар тасымалдаушы ретінде қызмет көрсетуін бастамас бұрын жергілікті атқарушы органға ҚР «Рұқсат және хабарлама туралы» заңымен белгіленген тәртіппен қызметінің басталғандығы туралы хабарлама жіберуге міндетті. Осыдан кейін жолаушылар мен жүктерді көліктермен тасымалдау туралы ереженің 96 және 97 тармақтарына сәйкес жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға Астана қалалық Жолаушылар көлігімен басқармасымен әрбір көлікке шарт жасасып, көлік құралына куәлік алуы қажет», - деді ол.
Оның айтуынша, заңсыз жолаушылар тасымалмен айналысатын такси қызметерінің көліктері техникалық тұрғыда қанағаттанарлықсыз болып келеді және олардың басым бөлігі 90-шы жылдары шығарылған. Сонымен қатар олар жолаушыларды тасымалдауға шығар алдында медициналық тексеруден өтпейді, көліктің техникалық жағдайы сын көтермейді.
«Аталған барлық тәуекелдер жолаушыларға жүктеледі. Бұған қоса, сақтандыру полистері мен тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндеттейтін сақтандыру шарты, сонымен қатар рұқсат беретін құжаттары мен келісімдері болмайды. Мұндай жайт жолаушлылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді»,- деді Игенбердинов.
Басқарма басшысының айтуынша, осыған байланысты 12 қыркүйектен бастап бір ай бойы автокөлік құралдары жүргізушілерінің заңсыз қызмет көрсетуінің алдын алуға бағытталған жедел шаралар өткізілетін болады.
«Айлықтың қорытындысы бойынша сараптама жасаймыз. Жалпы бұл шараға Әкімшілік полиция, Жергілікті полиция қызметі, Көліктік бақылау инспекциясы, Астана қалалық мемлекеттік кірістер департаменті және басқа да мүдделі органдар жұмылдырылады», - деді ол.