Астанада 43-ші Дүниежүзілік дәстүрлі музыка конференциясы (ICTM) өтеді


Бұл туралы ҚР Президентi жанындағы Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен баспасөз мәслихатында Қазақ ұлттық өнер университетiнiң ректоры Айман Мұсақожаева мәлім етті.

«Биылғы жылдың 16-22 шiлдесi аралығында Астанада Дүниежүзілік дәстүрлі музыка конференциясы (ICTM) өтеді. Дәстүрлi музыкаға арналған бұл конференция осымен 43-шi рет өткiзiлiп отыр. Осыдан екі жыл бұрын Қытайдағы Шанхай қаласында өткен конференцияның басқару комитетi келесi конференцияны Астанада өткiзу туралы шешiм қабылдаған болатын. Конференция әрбiр екi жыл сайын ұйымдастырылатынын айта кету керек, негізі оның жұмыс iстеп келе жатқанына биыл 86 жыл толып отыр. Бұған дейiн аталған конференция ТМД елдерiнiң ешқайсысында өткiзілмеген болатын. Биыл конференцияға қатысу үшiн 70 мемлекет өтiнiш бiлдiріп, ол елдерден 640-тан астам ғалымдар мен сарапшылар келеді, олар ұлттық өнер саласындағы мәселелер жайын жан-жақты талқылайды. Сондай-ақ аталған конференция бойынша материалдар, жинақтар, оқулықтар, мақалалар мен жазбалар жарық көреді. Бiз үшiн бұл қажет. Бiз ең алдымен өз мәдениетiмiздi меңгеруіміз керек», - дейдi А.Мұсақожаева.
Оның айтуынша, Қазақстан, АҚШ, Ресей, Жапония, Қытай, Бразилия, Түркия, Оңтүстiк Африка, Чехия, Ұлыбритания, Канада, Португалия және басқа да әлем елдерінен келген өкiлдер бiр апта бойы дәстүрлi ұлттық өнер мен мәдениеттi меңгеру мәселелерiн талқылайды.