Игі бастаманы жүзеге асыруға мұрындық болған «Абайтану» орталығы жобасының жетекшісі - ақын Алмахан Мұхамедқалиқызы. Алмахан Мұхамедқалиқызының айтуынша, орталықты Қазақстан-Ресей университетінде ашудағы көзделген мақсат - екі мемлекет арасында мәдени көпір салған ұлы тұлғаның бай мұрасын насихаттау, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу және қазақ этнографиясын жаңғырту болды.
«Абайтану» орталығы «Абайдың өмірі мен шығармашылығы», «Абайдың қайраткерлік қызметі», «Абайдың ақындық айналасы», «Абайдың композиторлық айналасы», «Қазақтың дала панорамасы» сынды бөлімдерді қамтиды. Соның ішінде Семей өлкесіндегі тарихи орындармен таныстыратын «Ұлылар мекені» атты фотошежіре де бар.
Сонымен қатар Алмахан Мұхамедқалиқызы Абайтану орталығының мұрасы Семейдегі мемлекеттік Абай мұражайы қорынан алынған фотосуреттермен, абайтанушы ғалымдардың еңбектерімен және Абайдың Н.Долгополовпен бірге жинастырған сыбызғы, асатаяқ, шоқпар, сойыл сынды жәдігерлермен толықтырылғандығын айтты.
Аталмыш шараға Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Оразгүл Асанғазы мен Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан қатысты.
«Абайдың ұстанымы ақиқатқа деген іңкәрліктен туған. Абайдың назарынан тыс қалған бірде-бір дүние жоқ. Абайды құрметтегендігіміз - қазақты құрметтегендігіміз, елдің, жердің, халқымыздың қадірін білгендігіміз. Сондықтан да Қазақстан-Ресей университеті қабырғасында «Абайтану» көрме залының ашылуы - түсінген адамға елдікке басқан қадам, ұрпаққа берер тәлім-тәрбиенің бастауы», - деді Бекболат Тілеухан өз сөзінде.